Шиелі кентінде жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда
Ai-news.kz. Шиелі ауданының әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков Шиелі кентінде атқарылып жатқан абаттандыру және көркейту жұмыстарының жай-күйімен танысты. Аудан басшысы жұмыс барысын көзбен көріп, нақты нысандарды аралап шықты.
Атап айтқанда, Яссауи, Шәкәрім және И.Әбдікәрімов көшелерінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жаңарту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар назарға алынды. Қазіргі таңда бұл үйлердің қасбеттері заманауи құрылыс материалдарымен қапталуда. Сонымен қатар, көше бойларында көгалдандыру, жарықтандыру және тазалық жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған.
Аудан әкімі абаттандыру жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, жауапты сала жетекшілеріне барлық жұмыстарды жүйелі, талапқа сай және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып жүргізуді тапсырды. Ол абаттандыру – тек қаланың сыртқы ажарын жақсарту ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала екенін атап өтті.
«Абаттандыру – бұл тек сыртқы көріністі жақсарту емес, тұрғындарға жайлы, қауіпсіз және көрікті орта қалыптастырудың маңызды негізі. Осы бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатын болады», – деді Айтбай Насриддинұлы.
Алдағы уақытта да Шиелі кентіндегі көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, жасыл желектер санын арттыру, жарықтандыру жүйелерін жаңғырту сынды игі бастамалар жалғасын таппақ. Бұл жұмыстар ауданның көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен серпін берері сөзсіз.