120 млн долларлық инвестициялық жоба өңір экономикасына серпін бермек

675

Ai-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов Түркиялық "Ekton Group" компаниясының басшылығымен маңызды кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – шетелдік инвесторлардың аудан аумағында жүзеге асырғысы келетін жобаларын талқылау, олардың экономикалық әлеуетін, әлеуметтік маңызын және экологиялық қауіпсіздік аспектілерін жан-жақты қарастыру болды. Жиынға аудандық кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялық жобаларды қолдау бөлімінің жауапты қызметкерлері, жер қатынастары бойынша мамандар және тиісті сала басшылары қатысты.

Кездесу барысында түрік компаниясы күріш қалдықтарын пайдалана отырып, экологиялық таза электр энергиясын өндіру жобасын ұсынды. Жобаның ауқымы кең, және ол күріш сабаны, күріш кебегі, қоға сияқты ауыл шаруашылық қалдықтарын қайта өңдеу арқылы энергия көзіне айналдыруға бағытталған. Бұл тәсіл баламалы, таза энергия көзін дамытумен қатар, ауыл шаруашылығы қалдықтарын тиімді пайдалану арқылы экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Инвестициялық жобаның алғашқы кезеңінің құны шамамен 120 млн АҚШ долларын құрайды. Жобаның жүзеге асырылуы аудан тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын құруға септігін тигізеді және жергілікті экономикаға айтарлықтай пайда әкеледі.

Кездесу барысында Ардақ Ибраимов жобаның аудан үшін стратегиялық мәнін атап өтіп, экологиялық қауіпсіздік, техникалық талаптар мен заңнамалық нормаларды сақтау қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар әкім шетелдік инвесторларға жер телімдерін бөлу, инфрақұрылымды дамыту және жобаны қаржылық, әкімшілік қолдау шараларымен қамтамасыз ету бойынша барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді. Ол аудан экономикасының өсуі мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды қолдайтынын нақты айтты.

Түрік компаниясының өкілдері өз кезегінде жобаның техникалық аспектілері, құрылыс және қайта өңдеу технологиялары, энергия өндіру қуаты және өндірістік процесстің экологиялық қауіпсіздігі туралы толық ақпарат берді. Жоба барысында энергия өндірудің жаңартылатын, баламалы әдістері қолданылатындығы, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу нәтижесінде топыраққа зиян келтірілмейтіндігі нақтыланды.

Аудан әкімі жобаның іске асырылуы аудан экономикасының дамуына, энергия тапшылығының алдын алуға, сондай-ақ тұрғындарды жұмыспен қамтуға үлкен ықпал жасайтынын атап өтті. Сондай-ақ, ол жобаны кезең-кезеңімен іске асыру жоспарларын, мониторинг жүргізу жүйесін және әлеуметтік жауапкершілік шараларын қарастыру қажеттігін ескертті. Бұл бағытта аудандық әкімдік пен инвесторлар тұрақты байланыста болып, жобаның барлық кезеңінде үйлестіру жұмыстарын жүргізетін болады.

Кездесудің қорытындысында Ардақ Ибраимов инвесторларды ауданға инвестиция салуға шақырып, ынтымақтастықты нығайту, жобаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруға барлық қолдау шараларын көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді. Жоба іске қосылған жағдайда аудандағы ауылшаруашылық қалдықтарын тиімді пайдалану, экологиялық жағдайды жақсарту және энергия көздерін әртараптандыру арқылы жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік ашылатыны айтылды.

Жиын соңында тараптар инвестициялық жобаның техникалық, қаржылық және әлеуметтік аспектілері бойынша толық келісімге келіп, өзара ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Бұл бастама ауданның даму бағытын жаңа деңгейге көтеріп, экономикалық өсімге елеулі үлес қосатыны күтілуде.