Жаңақорғанда автоматты газ тарату станциясы іске қосылды

603

Ai-news.kz. Бүгін Жаңақорған ауданында автоматты газ тарату станциясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыстық мәслихат төрағасы, аудан ардагерлері және ауыл тұрғындары қатысты. Жаңа нысан аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына маңызды үлес қосатын инфрақұрылымдық жоба ретінде бағаланды.

Аймақ басшысы өз сөзінде жаңа станцияның өңір экономикасы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызын атап өтті. 2015 жылы іске қосылған станцияның бастапқы қуаты сағатына 20 000 м³ газды құраса, қазіргі таңда оны екі есеге, яғни 40 000 м³/сағатқа дейін ұлғайту жұмыстары толық аяқталды. Жобаға 2 млрд. 300 млн. теңге қаражат жұмсалды. Енді станция арқылы Жаңақорған ауданындағы Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже және Билібай елді мекендеріндегі 12 мыңға жуық тұрғын тұрақты газбен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, «ҚазақГаз» компаниясының инвестициялық бағдарламасы аясында алты ауылға газ тарту жұмыстарына қосымша 6 млрд. теңге бөлінген.

Жаңа станцияның іске қосылуы тұрғындарды газбен қамтамасыз етумен ғана шектелмей, аймақ инфрақұрылымының дамуына және өндірістік сектордың кеңеюіне мүмкіндік береді. Автоматтандырылған газ тарату жүйесіне ірі өндіріс орындары қосылады. Атап айтқанда, жылына 3 500 тонна өнім өндіретін құс фабрикасы, келесі жылы құрылысы басталатын 1 500 адамды жұмыспен қамтитын «Шалқия цинк» кен байыту фабрикасы, сондай-ақ өзге де өндірістік нысандар газбен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді және Тақыркөл ауылдары да газбен қамтылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарады. Бұл жоба аймақтың газдандыру көрсеткішін 67 пайызға жеткізеді деп күтілуде.

Аймақ басшысы жаңа инфрақұрылымдық жобаның әлеуметтік мәнін де атап өтті. «Газ қосу тек тұрмыстық қажеттілікті қанағаттандырумен шектелмейді. Бұл тұрғындардың отбасылық жайлылығы мен экономикалық белсенділігін арттырады. Жобаның іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік секторды кеңейтуге және жергілікті бюджет кірістерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл инвестициялық климатты жақсарту мен бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға да септігін тигізеді», – деді Н.Нәлібаев.

Рәсім барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер мен газдандыру жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев жаңа жобаның сәтті іске асуына бата беріп, аудан тұрғындарын құттықтады.

Ашылу рәсімінен кейін аймақ басшысы аудан ардагерлерімен кездесіп, өңірдегі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы кеңінен баяндады. Кездесуде тұрғындардың әлеуметтік мәселелері, жаңа жобаларды іске асыру бағытындағы ұсыныстары, сондай-ақ ауданның ұзақ мерзімді даму жоспарлары талқыланды. Бұл жоба тек газбен қамту саласында ғана емес, аудан экономикасын дамытудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартудың маңызды қадамы болып отыр.

Жаңа автоматты газ тарату станциясы арқылы Жаңақорған ауданының тұрғындары тек қана көгілдір отынға қол жеткізіп қана қоймай, инфрақұрылымдық даму мен экономикалық өсімнің тікелей куәсі болып отыр. Жобаның тиімділігі тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған нақты әрі стратегиялық маңызды бастама.