Қызылордада Тәуелсіздік даңғылын жаңғыртудың екінші кезеңі қарқын алды
Ai-news.kz. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласында жүріп жатқан ауқымды құрылыс және инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты. Аймақ басшысы жаңа жылу-электр орталығының құрылысын және Тәуелсіздік даңғылын жаңғыртудың екінші кезеңін аралап, мердігер мекемелердің жұмысын бақылап, сапа мен мерзімнің сақталуын ерекше назарға алды.
Қызылордада электр және жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл – өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар жоба. Инвестор – Түркияның ірі энергетикалық компанияларының бірі “Aksa Energy”, ал жоба құны 215 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін 178 млрд теңгеден астам инвестиция игерілген.
Орталықта қуаттылығы жоғары, заманауи технологиялар пайдаланылуда. Негізгі жабдықтардың қатарында General Electric (АҚШ) компаниясының екі газ турбиналық қондырғысы, Doosan Skoda (Чехия) өндірісінің бу турбинасы, сондай-ақ AC BOILERS (Италия) мен Mimsan (Түркия) зауыттарынан жеткізілген бу және жылу қазандықтары бар. Бұл нысан толық іске қосылған соң аймақты сенімді түрде электр және жылу қуатымен қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жобаның инфрақұрылымдық бөлігі де өңір бюджеті есебінен жүзеге асырылуда. 15 млрд теңге қаржыға жаңа орталыққа дейін ұзындығы 45 шақырымдық газ құбыры мен автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды. Бұл құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтау үшін жергілікті кәсіпорындар мен жұмысшылар кеңінен тартылған.
Аймақ басшысы одан әрі Тәуелсіздік даңғылын жаңғыртудың екінші кезеңінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Қаланың басты магистральдарының бірі саналатын бұл даңғылдың жалпы ұзындығы 2,867 шақырым, ал жолдың ені 14 метрді құрайды. Жоба аясында төрт жолақты автожолмен қатар, 6 метрлік жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынды. Бұл бағытта көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау басты мақсат болып отыр.
Биылғы жылы жол инфрақұрылымын дамыту бағытында облыс көлемінде үлкен жұмыстар атқарылды. Республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден бөлінген қаржы есебінен 329 шақырымнан астам автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға дейін артты.
Аймақ басшысы құрылыс қарқынының жоғары екенін атап өтіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мен өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.





