Қалалық жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту

478

Ai-news.kz. Қалалық жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту – бұл 

тек қозғалысты жеңілдету ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-

экономикалық келбетін жақсартудың маңызды құрамдас 

бөлігі. Қызылордада бұл бағытта кешенді жобалар жүзеге асырылуда. 

Биыл негізгі көшелер мен қаланың шет аймақтарында жол салу және 

күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында қала әкімі Нұржан Ахатовтың айтуынша, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту – басым бағыттардың бірі. Бұл тек көлік қозғалысын ұйымдастыру емес, сонымен қатар қала тұрғындарының күнделікті өмірін жеңілдету, қауіпсіздік деңгейін арттыру және экономикалық белсенділікке серпін беру. 2025 жылы бұл мақсаттарға 23,2 миллиард теңге бөлініп, 60-қа жуық жобалар жүзеге асырылуда. Олар 60 шақырымнан астам жолды қамтиды.

Әсіресе, облыс орталығының негізгі магистральдарының бірі – «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» даңғылын жаңғырту ерекше атап өтуге тұрарлық. Жобаның алғашқы кезеңі аяқталып, екінші кезеңі Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгетін нығайту жұмыстары қатар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, қаланың шет жағында орналасқан 17 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.