Жаңа басқарманың жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр
Ai-news.kz Биыл ақпан айында облыс әкімінің тапсырмасымен Қызылорда облысының дін істері басқармасы құрылды. Басқарманың басты міндеті – дін саласындағы мемлекеттік саясатты жергілікті жерде жүргізу. Осы жылы жұмысын бастаған басқарма Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында брифинг берді. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Дінмұхамед Ермеков айтты.
«Аймақта діни ахуал тұрақты. III тоқсанда жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 88,5 пайызы осылай жауап берген. Қазіргі уақытта Қызылорда облысында 7 конфессия өкілі бар. Олардың қатарында 182 мешіт, 15 шіркеу және 2 миссионер діни қызмет атқарады. Дін істері басқармасы діни экстремизм және терроризм профилактикасы бойынша 3 бағытта жұмыс істейді. Атап айтсақ, жалпы профилактика, оңалту жұмыстары, интернеттегі қарсы насихаттық шаралар», - деді Дінмұхамед Жандарбекұлы.
Дін мәселелері бойынша қарсы насихаттық материалдарды интернет кеңістігінде орналастыру бағытында қала және аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларынан бөлек, дін мәселелерін зерттеу орталығында 13 парақша жұмыс істейді. Жыл басынан бері баспа құралдары мен интернет кеңістігінде қарсы насихаттық бағытта 2 787 материал жарияланды.
«Өзіндік бірегей қарсы насихат контенттерін әзірлеу, жастарды рухани-танымдық бағытта ақпараттандыру мақсатында дін мәселелерін зерттеу орталығынан 2023 жылғы наурыз айында «Onai» подкаст жобасы, қазан айында «Shyraq» каналында «БАҒА LIKE» бағдарламасы және «Кезекті сұқбат» рубрикасы іске қосылды. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесімен күмәнді деп танылған 102 сілтеме дінтану сараптамасына жолданып, 50 сілтемеге «теріс» қорытынды берілді. «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне күмәнді 381 сілтеме енгізіліп, 69-ы бұғатталды. «Контр» қарсы насихаттық порталына 163 материал салынып, 135-і мақұлданды», - деді Дінмұхамед Жандарбекұлы.
Айта кету керек, Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен әлеуметтік желілерде 952 материал жарияланды. Сондай-ақ, діни кітаптарға тұрақты түрде мониторингжұмыстары жүргізіліп тұрады.