Қызылордада күрделі жөндеуден кейін ағаштар жаппай қурап жатыр
Ai-news.kz. Қызылорданың орталығында жол мен оған іргелес аумақты қайта жөндеуден кейін ағаштар жаппай қурап жатыр.
Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі мәлім етті.
Ағаштардың көбісі 10 жылдан астам уақыт бұрын отырғызылған. Қазіргі таңда көшеттердің көбі қурап қалған. Тұрғындар бұл жағдайға ағаштардың айналасына тротуар плиткалары дұрыс төселмегендіктен, ағаш тамырларына ауа жетпей тіпті суғарылмайтынын айтып дабыл қағуда.
Қызылордалықтар күннің аптап ыстығында ағаштардың одан әрі қурауынан қорқып отырғандығын жасырмады.
"Бұрын Сұлтан Бейбарыс көшесіне шамамен 400-ге жуық ағаш отырғызылған болатын. Бәрі сондай әдемі еді: аллея бойымен биік, мықты ағаштар өсіп тұрды, олар ыстықта көлеңке мен салқындық беретін. Қазір соның жартысынан азы ғана қалды. Аллеяны абаттандыруды жоспарлаған кезде мүлде суғару жүйесі қарастырылмаған. Екі жылдан бері бұл ағаштар суғарылмаған, қасымызда канал болса да. Ағаштар қурап жатыр, оларды кесіп тастап, тек түбірлері ғана қалдырған. Бұл ағаштар тегін отырғызылған жоқ қой, мемлекеттік бюджет есебінен егілді. Оған көп қаражат жұмсалды, – дейді қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Болат Нұрқожаев.
Оның айтуынша, екі жыл бұрын Қызылордада абаттандыру жұмыстары басталған кезде, облыс әкімінің орынбасарлары мен мердігер компаниялармен кездесулер болған. Сол кезде Болат Нұрқожаев бірнеше рет суғару жүйесін қарастыруды – каналдан су өткізу үшін өткел қалдырып, құбыр жүргізуді сұраған. Алайда бұл ұсыныс ескерусіз қалған. Қазір қызылордалықтар сол салғырттықтың салдарын көріп отыр.
.
Қазір жергілікті шенеуніктер ағаштарды сақтап қалуға тырысып жатырғандығын, тіпті Шымкенттен арнайы мамандарды да шақырған айтуда. Қалалық әкімдік Tengrinews.kz ресми сауалына жауап ретінде Сұлтан Бейбарыс көшесі бойында жол және оған іргелес аумақты қайта жөндеу жұмыстары жүргізілгенін растады.
Жөндеу жұмыстары кезінде мердігерлер жер деңгейін тым көтеріп жіберген, үстінен құнарлы топырақ төгіп, сосын тротуар плиткаларын төсеген. Соның салдарынан ағаштар 0,5–1 метр тереңдікке дейін көміліп қалған.
Жөндеу жұмыстарына дейін аллея қандай болғанын төмендегі суреттен көруге болады.
Аталған ауданда абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Мәселе туындаған учаскеде автоматты суғару жүйесі қарастырылмаған. Әкімдіктің мәліметінше, бұрынғы құрылыс жұмыстарына байланысты жер бедері мен техникалық шектеулер мұндай жүйені орнатуға кедергі келтіреді-міс. Соған қарамастан, әкімдік жасыл желекті сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын алға тартты.
"Қазіргі жағдайларда автоматты суғару жүйесін орнату тротуар жабындысын алып тастамайынша және ландшафттық жоспарлауды қайта қарамайынша мүмкін емес, – деді әкімдіктен.





