Әйтеке би кентінің көркеюі мен тазалығы күн тәртібінен түспейді

531

Ai-news.kz. Бүгінде Қазалы ауданының орталығы — Әйтеке би кенті 50 мыңға жуық тұрғын мекендейтін аймақтағы ең ірі аудан орталықтарының бірі болып саналады. Кенттің санитарлық тазалығы, абаттандырылуы, көркейту және көгалдандыру жұмыстары күн тәртібінен ешқашан түспей келеді. Қазіргі таңда да Әйтеке би кентінде тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Кенттің инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық орындарды ретке келтіру, тұрғындарға жайлы орта жасау мәселелері әрдайым назарда ұсталып, тиісті сала мамандары жүйелі түрде жұмыстар атқарып келеді.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, ауданның негізгі қақпасы саналатын теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, теміржол үстінен өтуге арналған жаяу жүргіншілер көпірі қайта салынуда. Вокзал аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, перонда орналасқан кәсіпкерлік нысандардың қасбеттерін жаңарту, олардың сәулеттік келбетін қалыпқа келтіру және вокзал алдына брусчатка төсеу жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар ауданға келушілерге және тұрғындарға жайлы, көркем әрі тартымды орта жасауға бағытталған. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентін аралау барысында аталған жұмыстардың сапасын мұқият бақылап, тиісті сала басшылары мен мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Теміржол вокзалы мен оның аумағында жүргізіліп жатқан ауқымды жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл нысандардың уақытылы және сапалы аяқталуы кенттің көркейту мен абаттандыру бағытындағы жалпы жұмыстарының тиімділігін арттырады. Аудан басшысы вокзалдан кейін кенттің кіреберіс қақпасына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Кіреберіс қақпа — ауданға келушілер үшін ерекше әсер қалдыратын сәулеттік нысан болып есептеледі. Сондықтан бұл нысанның сапалы және эстетикалық тұрғыдан келісті түрде жасалуы аудан басшысының қатаң бақылауында екені айтылды.

Әйтеке би кентін аралау барысында кент әкімдігіне көшелерді қураған шөптерден, жапырақтардан тазарту, аяқ су арықтарын ретке келтіру, қоқыстарды белгіленген орындарға шығару, қоршаулар мен бағаналарды сырлау, бордюрларды әктеу сынды міндеттер жүктелді. Сонымен қатар кенттің көше бойындағы жасыл желектерді күтіп-ұстау, гүлзарларды абаттандыру, балалар алаңдары мен қоғамдық орындарды үйлесімді етіп орналастыру, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мәселелеріне де баса назар аударылды.

Барлық атқарылып жатқан жұмыстардың мақсаты — Әйтеке би кентін тұрғындар үшін жайлы, көркем әрі қауіпсіз аймаққа айналдыру, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту, елді мекеннің келбетін заман талабына сай дамыту. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, кенттің жалпы көркемдігін сақтау мен жақсартуға, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды шаралар болып табылады. Аудан басшысы мен тиісті сала мамандары әрдайым осы мәселелерді бақылауда ұстап, жоспарланған жұмыстардың сапалы орындалуына жауапты.