Алдағы егін егу маусымына дайындық және су тапшылығына дайындық шаралары пысықталды
Ai-news.kz. Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің, “Қызылорда крахмал-сірне зауыты” ЖШС және басқа да шаруашылық құрылымдарының жетекшілері қатысты. Жиынның басты мақсаты – су тапшылығы жағдайында алдағы егін егу маусымына дайындық барысын жан-жақты талқылау және аграрлық саланың тұрақтылығын қамтамасыз ету болды.
Аудан басшысы алдымен суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесін егжей-тегжейлі қарастырып, су тапшылығын ескере отырып егіс құрылымын қайта қарау қажеттігін атап өтті. Күріш алқаптарының көлемін азайту, су аз қажет ететін жүгері, мақсары және басқа да балама дақылдарға кезең-кезеңімен көшу сияқты маңызды бағыттар талқыланды. Бұл шаралар аудандағы аграрлық сектордың тұрақтылығын сақтауға, суды тиімді пайдалануға, сондай-ақ өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретіні баса айтылды. Сонымен қатар, ауданда жүгері дақылын терең өңдейтін зауыт құрылысын салу жоспарланып отырғаны хабарланды.
“Қызылорда крахмал-сірне зауыты” ЖШС директоры Шухрат Құрбанов мәжіліс барысында жүгері дақылын терең өңдеу зауытын салу жобасының негізгі аспектілерін таныстырды. Жобаның жалпы құны – 40 миллиард теңге. Зауыт толық іске қосылған кезде 500 жаңа жұмыс орны ашылып, өндіріс орны су аз қажет ететін жүгері дақылын еккен шаруашылықтардың өнімін толықтай қабылдайды. Бұл кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделу деңгейін арттырып, отандық өнім көлемін көбейтуге, экспорттық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаның іске асуы жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға септігін тигізеді.
Мәжіліс барысында шаруашылық құрылымдарының өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Олар суармалы егістіктің тиімділігін арттыруға, тыңайтқыштар мен тұқымдарды уақытылы жеткізуге, ауыл шаруашылығы техникасының жұмысын жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар айтты. Аудан әкімі барлық ұсыныстар мұқият қаралатынын, жауапты мамандармен бірлесіп іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде алдағы егін маусымына дайындықты сапалы жүргізудің маңыздылығын бірнеше бағыт бойынша көрсетті. Біріншіден, егіс алқаптарын тиімді жоспарлау, суды үнемді пайдалану, агротехникалық шараларды жүйелі енгізу. Екіншіден, тұқым, тыңайтқыш және ауыл шаруашылығы техникасын толық әрі сапалы дайындау. Үшіншіден, шаруашылық құрылымдары арасында үйлесімді қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасу арқылы өнімділікті арттыру. Сонымен қатар, аудан әкімі алдағы маусымға дайындықты кезең-кезеңімен бақылауды, барлық жауапты сала басшыларының үйлесімді жұмыс жасауын міндеттеді.
Мәжіліс қорытындысында Берік Сәрменбаев алдағы егін егу науқанының табысты өтуі, суды тиімді пайдалану, өнім көлемін арттыру, отандық өнімді өңдеу және тұрғындардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берді. Аудан әкімдігі мен шаруашылық құрылымдары алдағы уақытта да бірлесіп, аграрлық сектордың дамуына және аудандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра беретінін хабарлады.





