Қызылордада әлеуметтік осал топтарға арналған 280 пәтер пайдалануға берілді
Ai-news.kz. Қызылорда қаласында әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен сол жағалаудан бой көтерген 280 пәтерлік 7 тұрғын үйдің кілттері иелеріне салтанатты түрде табысталды. Бұл қуанышты сәтке жаңа қоныс иелерімен бірге зиялы қауым өкілдері, сала басшылары және қала тұрғындары куә болды.
Шара барысында аймақ басшысы барша тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, мемлекет қолдауымен жүзеге асып жатқан құрылыс саласының жетістіктеріне тоқталды.
«Биыл халқымыз үшін ерекше тарихи жыл – ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанына және Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толып отыр. Осы мерейлі кезеңде облысымызда заманауи ғимараттар бой көтеріп, саябақтар мен аллеялар жаңғыртылып, жолдарымыз кеңейіп, өңіріміздің келбеті күн санап көркейіп келеді. Бүгін сол игі істердің бір көрінісі ретінде 280 отбасыға жаңа баспана табысталып отыр. Баспаналы болу – әрбір отбасы үшін үлкен қуаныш әрі әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Қоныстарыңыз құтты болсын!», – деді Н.Нәлібаев.
Аймақ басшысы атап өткендей, соңғы үш жыл ішінде барлық қаржыландыру көздерінен жалпы көлемі 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен апатты жағдайдағы үйлерде тұратындарға 5148 пәтер табысталып, 25 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлады. Аудан орталықтарында да жаңадан салынған 1500-ге жуық пәтер ел игілігіне берілді. Бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосып отыр.
Салтанатты рәсімде қуанышқа кенелген отбасыларға пәтер кілттері табысталып, мердігер «Мелиоратор» ЖШС-нің құрылысшылары облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев жаңадан қоныстанушыларға ақ батасын беріп, шараның маңызын айшықтай түсті.
Айта кетейік, биыл тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын баспаналарды сатып алуға бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 3800 пәтерді халық игілігіне беру көзделген. Жыл қорытындысымен барлық қаржыландыру көзінен 870 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Өткен жылдан бастап Қызылорда қаласында 7, 9 және 12 қабатты заманауи дизайнмен салынған тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл – облыс орталығының архитектуралық келбетін жаңаша түрлендіріп қана қоймай, тұрғындардың жайлы әрі заманауи баспанамен қамтамасыз етілуіне жол ашатын маңызды қадам.





