АҚШ кедендік баж салығын өсірді
Ai-news.kz. 7 тамызда АҚШ әлемнің көп елі үшін жаңа баж салықтарын енгізді. Енді Америкаға жеткізілетін Қазақстан тауарларынан да 25 пайыз баж салығы алынады.
Жаңа импорттық баж салықтары туралы құжатқа Дональд Трамп 1 тамызда қол қойған еді. ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдегендей, енгізілген тарифтік шаралар АҚШ-қа жасалатын отандық экспорттың 4,8 пайызын ғана қамтиды. Ал қалған 95,2 пайызына баж салығы салынбайды.
Қазақстан сауда серіктестерін әртараптандыру саясатын ұстанады. Еліміз үшін ең ірі сауда-экономикалық серіктестердің нарығына кедергісіз экспорт жасау маңызды. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд долларды құраған, бұл өткен жылмен (4,1 млрд доллар) салыстырғанда 4 пайызға жоғары.





