ҚҰҚЫҚТЫҚ САЯСАТ ҰҒЫМЫ
Ai-news.kz ХХ ғасырдың соңында Қазақстанда саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, рухани және басқа салаларда орын алған түбегейлі өзгерістер, құқықтық, әлеуметтік мемлекетті құру бағытына бет бұру секілді жағдайлар жаңа жағдайда кез-келген мемлекеттік саясат құқықтық болуы тиіс деген байлам жасауға түрткі болды.
Сонымен қатар нақты саясат түрлерінен басқа, жоспарлы өзгертулер мен жаңартуларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірегей жалпыұлттық құқықтық саясатты құру қажет екендігі түсінікті болды. Осыған байланысты, аталмыш саясаттың қоғамның әлеуметтік–құқықтық және саяси өміріндегі рөлін түсіну және түйсіну үшін оның теориялық әдістемелік аспектілерін толықтай қарастырып, оның Қазақстандағы жаңа жағдайларда қалыптасу және әрекет ету мүмкіндіктерін жан-жақты қарастыру қажет. Осыған орай, құқықтық саясат ұғымын теориялық және әдістемелік тұрғыдан білу керек.Құқықтық саясатты зерттеуге қатысты аса маңызды теориялық әдістемелік мәселелер қатарына мыналарды жатқызуға болады: саясатты құқықтық саясатты қалыптастырудың тамырлық негізі ретінде түсіну; ғылыми түрде негізделген құқықтық саясаттың басты шарты және маңызды негізі ретіндегі құқықтың қызмет ету заңдылықтарын анықтау; құқық пен саясаттың өзара әрекет ету механизмін қарастыру, олардың бір-біріне жанасуы және құқықтың саяси мазмұнын және саясаттың құқықтық мазмұнын жаңа қырынан ашу; құқықтық саясаттың құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның қалыптасу және даму стратегиясы және тактикасы ретінде ғылыми талдау жасау, олардың кепілдерін, әлеуметтік-саяси тұрақтылық пен орталық және аймақтардың арасындағы байланыс жіптерін күшейту. Осы тұрғыдан құқықтық саясат: ең алдымен, қоғамды саяси-құқықтық жағынан дамытуға, құқықтың саясатқа құқықтық деген лауазым беру үшін саясатқа енуі ретіндегі саяси-құқықтық басқару механизмін жасап шығаруға бағытталған мемлекет қызметінің концептуалды заңдық негізі ретінде орын алады. Осы тұста саясаттың өзі бұған кедергі жасамауымен шектеліп қоймай, жақсы жағдайлар жасап, тиісті саяси ерікті көрсетуі басты мәселе болып табылады; екіншіден, әлеуметтік тәжірибенің бір түрі ретінде, құқықтық шынайылықтың өзгеше феномені, мемлекеттің стратегиялық мақсаттары мен тактикалық тапсырмаларына кепілдендірілген қол жеткізу ретінде саясаттың нақты салалары мен түрлері бойынша қолданылуы арқылы жүзеге асырылатын саяси-құқықтық шаралар кешені; үшіншіден, құқықтың өріс аясынан шығуға жол бермейтін саясатқа тиісті ықпал ету. Құқықты құқықтық саясаттың негізі ретінде сипаттауға мүмкіндік тудыратын маңызды аспекттер қатарына осы объект туралы білімді дамыту, бір жағынан саяси-құқықтық әрекетті қамтамасыз ету негізі ретінде қарастырылатын осы үрдісті аспаптандыру ықпалымен жүзеге асса, екінші жағынан, білімді құқықты оңтайландыру құралы ретінде қарастырылатын ұстаным ықпал етеді. Бұл құқықтық саясат теориясы мен тәжірибесі мәселелерін түйсінуде аса үлкен маңызға ие, себебі, билікке ықпал етудің жаңа жолдарын іздеумен байланысты. Саясатты құқықтық саясаттың теориялық негізі ретінде сипаттай отырып, құқықтық саясат зерттеудің күрделі объектісі болып табылады деген байламға келдік. Атап айтқанда, оның субъектілері өте көп, көптеген қарама-қайшы бағдарлары бар, адам қалауы мен ықпалының рөлі үлкен. Сондықтан, танымдық ақпаратты бағалауда маңыздылығы зор жағдайларды бөліп көрсету қажет, олардың құндылығын, саяси пайдалылығын анықтау және шындықты білу, яғни білімдер мен әрекеттер тәжірибемен расталатындығын білу қажет. Ол үшін арнайы критерийлерді қолданған дұрыс: аспаптылық – мақсаттарды жасау және анықтау қабілеті, қолайлы жолдарды және оларды жүзеге асыру құралдарын іздестіру, халықтың басым бөлігінің әрекеттерінің бағытын өзгертуге ықпал ету; биліктік саяси әрекет жүзеге асырылатын жағдайлардың нақты күйін тура көрсету қабілеті; ақпаратты қолдану және жіберу қабілеті. Құқықтық саясаттың теориялық әдістемелік негізі туралы айта отырып, оның мәнінің тереңірек түсінігін, оның маңыздылығын көрмеуге болмайды, себебі, бұл шынайылықтың толықтығы мен күрделілігі тек қана әртүрлі әдістер мен танымдық тәсілдерді белсенді түрде қолданғанда ғана қол жеткізіледі. Осыған байланысты зерттеушілердің басым бөлігінің басты назары қарастырылып отырған пәннің объективтік тарапына шоғырланғанын айта кету керек: мемлекеттік органдардың өзара әрекеттері, құқықтық саясаттың алуан түрлерінің сипатталуы, жүзеге асыру нысандары, түрлі салалардағы тиімділік және оңтайлылық бағалауы. Басқаша айтқанда, ең алдымен құқықтық саясаттың объективті параметрлері және әрекеттер нәтижелелері көзге түсетін. Алайда, саясат құқықтық бөлімін қамти отырып, тек әрекеттер арқылы емес, сөздермен де жүзеге асырылады. Сондықтан атап өтейік, құқықтық саясат танымның объективті әдістерімен зерттелетін фактілерден және оның субъектілерінің өзара әрекеттері барысында көрініс алатын білімдер мен мағыналардан қалыптасатын шынайылық болып табылады, сол үшін осы саясатты құрушыларда қолданысқа ие тұрақталған тәсілдер мен әдістерді қолдану талап етіледі [1]. Осы арада атап өтетін жайт, құқықтық саясат теориясы мен әдістемесінің маңызды аспектісі оны түсінудің шектері, межелері мен мүмкіндіктерін қарастыру маңызды болып табылады. Сонымен қатар «түсіну» деген термин екі мағынаға немесе түрлерге ие. Біріншіден, ол зерттеушілердің назарын заңдылықтарды іздеуге бағыттайтын әдістерге, статикалық ақпараттарға және т.б. аударатын тәсілдерден ерекшеленетін гнесеологиялық процедура. Бұл жағдайда, құқықтық саясат оның ұстанатын құндылықтарын, маңызын мен мазмұнын қарастыру тұрғысынан зерттеледі. Екіншіден, құқықтық саясат субъектілерінің өздері әрекет ететін шынайылық саласын түсінудің онтологиялық үрдісі. Жоғарыда көрсетілген құқықтық саясатты түсіну түрлеріне ортақ белгі – оның мәні және құрылымы болып табылады; ол зерттеу және интерпретация объектісінің белгілерін анықтау және оны осы саясат субъектілерінің ішкі әлемімен теңестіру де қамтылған. Бұл ортақтық идеялар мен әрекеттердің ішкі байланыстарының болуымен, құқықтық саясатты түсінудегі тілдің маңыздылығымен байланысты. Қандай жағдайда да түсіну түсіндірумен байланысты, алайда олардың бірін-бірі толықтырғыштығы осы процедуралардың түрлі мәндерімен анықталады [2]. Түсіндіру өткенге бағытталған, қандай да бір құбылыстың себебін табуға бағытталған. Түсіну болса келешекке бағытталған, ол танушы субъектінің басты бағдары болып табылады. Осылайша, саясат шынайылық секілді өзінің күрделілілгімен және қарама-қайшылығымен құқықтық шынайылықтың құқықтық саясат секілді құбылысының теориялық әдістемелік жағынан негіздеуде аса маңызды рөл атқарады. Ол құқықтық саясаттың қалыптасуының тамырлық негізі болып табылады, өз кезегінде саясат квинтэссенциясының өнімі болып табылады. Осыған байланысты зерттеліп отырған феноменнің теориялық әдістемелік жағынан негіздеудегі маңызды мәселе – құқықтың құқықтық саясаттың мәндік негізі ретіндегі әріқарай дамуының аса маңызды тенденциялары мен заңдылықтарының талдауы болып табылады. Талдау растап отырғандай, құқықтың бірегей қасиеттерін осы қырынан ашу құқықтық саясаттың мәнін, оның мемлекеттік саясаттың басқа түрлері арасындағы орны мен рөлін түйсінуге мүмкіндік береді. Алайда бұл арада көп жағдай құқықтың қалайша түсіндірілетіне байланысты. Біздің пайымдауымызша, құқықтық саясат теориясын құру үшін, оның жалпы теориялық аспектілерін ғылыми түрде дәйектеу үшін құқық танымы туралы теория бойынша шынайы ғылыми теорияға сүйену қажет, ол өз кезегінде объективті-ақиқат білімдер жүйесін құрауы тиіс және де ұғымдар, санаттар, ғылыми заңдылықтар, қағидалар және басқа теориялық білімдер нысанындағы құқықтың қалыптасу және әрекет етудің жалпы заңдылықтарын көрсетуі тиіс. Құқықтың мәндік сипаттарын білу құқықтық саясаттың теориялық әдістемелік негіздерін дәйектеуде маңызды рөл атқаратынын айта кеткен жөн. Алайда, қазіргі таңда құқықтық танымға қатысты алуан түрлі (қарама-қайшы) теориялар мен әдістемелердің болуы, өкінішке орай, ғылыми дәйектелген құқықтық саясаттың қалыптасуын тежеп тұр. Зерттеушілерге абстрактылы түрде қабылданатын еркіндік пен теңдік туралы теориялар бойынша бағдар табу қиын, себебі олардың бастапқы негіздері туралы ешқандай түсініктері жоқ. Сонымен қатар бірқатар жағдайларда жан-жақты қарастырылмаған ұғымдардың «құқықтың негіз құраушы қағидаларына» айналу ұмтылыстарымен немесе олардың жинақтауымен (синтезімен) жоғарыдағы жағдай одан да күрделене түседі. Құқықтық саясаттың қалыптасуының теориялық әдістемелік талдауын жасай отырып, тұрақты құрылымдар мен белгілі бір қоғамдық топтардың мүддесін білдіретін саяси институттарды құқықтық реттеу үшін мемлекеттік және құқықтық құбылыстардың тығыз да үзілмес байланысы қолайлы мүмкіндіктер тудыратынын айта кеткен дұрыс. Бұл жағдайда, құқық әкімшілік, ұйымдастырушылық және басқа да шаралармен және құралдармен бірге нақты нәтижелерге жету және басқару аспабы ретінде қолданылады. Сонымен қатар, егер саясатты жүзеге асыруда қоғамға ықпал етудің репрессивті, жазалау тұтқаларын қолдану талпыныстары жасалса, ал құқықтық саясат ретінде танылған құқық ондай шараларды қолдануға қарсылық танытуы қажет. Олай болмаған жағдайда, міндетті және саналылық туралы жалпы ойларға қарама-қайшы келеді немесе қоғамдық қатынастардың бұл тұстарын қарастырмайды. Қандай саяси режим жағдайында құқықтық саясаттың қалыптасып, жүзеге асырылатыны есепке алу аса маңызды. Сонымен, тарату үрдістері авторитарлық режим жағдайында да нормативтік қабыршаққа енуі мүмкін, алайда, ғылыми дәйектелген құқықтық саясат әрекет ететін құқықтық мемлекетте бұл үрдістер басқа ережелер бойынша мемлекеттік органдардың дөрекі түрде араласуынсыз, заңдылық пен әділеттілік қағидаларын ұстана отырып, жүзеге асырулары мүмкін. Басқа сөзбен айтқанда, егер құқық саясат құралы ретінде қарастырылса және сол кезде саяси билікті қамтамасыз ету тәсілі ретінде оған саяси қысым көрсетілетін болса, онда мұндай саяси режимде «құқықтық саясат» термині қолданыла алмайды және әрине өз мәнін жоғалтады. Сондай-ақ, демократиялық режим жағдайында, құқық саясат құралы ретінде ғана қарастырылмайды, сонымен қатар саясаттың өзіне ықпал ету құралы болып табылады, ал мемлекет болса, абсолютті құқықшығарушы рөліне таласпайды. Осы арада атап өтейік: тек демократиялық режим жағдайында құқық пен мемлекеттің кейбір қарсы тұрулары, қарсы күресулері ғана ықтимал болады. Өзіміз көріп отырғандай, құқықтық саясат қалыптасып, қолданылып отырған жағдайдың маңызы зор. Мемлекет қызметі тек қана заңға негізделетінін айта кету керек. Қалыпты жағдайда, мемлекеттің бір қолымен заңнама аясында құқықты бекітіп, екінші қолымен оны бұзу жағдайына жол берілмейді. Өкінішке орай, қазақстандық тәжірибе көрсетіп отырғандай, саясаттағы субъективизм үлесі әлі де үлкен болып тұр. Сондықтан, Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты қоғамның екі бағдар күресінен зардап шекпеуі үшін бұқаралық билік шекарасын шектеуге ұмтылуы қажет, ол бағдарлар: біріншіден, қоғам мүддесі билікті саналы түрде шектеу қажеттігін білдіргенде; екіншіден, билік өкілеттіліктерін күшейтуге, тіпті авторитарлық үстемдікке деген қатты ұмтылыс болған жағдайда. Алайда, аталған қай бағдардың басым болуына қатыссыз, барлық жағдайларда құқықтық саясаттың антиподы ретінде құқыққа сүйенбейтін және қоғамда қолданылатын құқықтық нормаларға қайшы келетін құқыққа қарсы саясатты санауға болады [3]. Алайда, қазақстандық қоғам тарихында тәуелсіздікті алғанға дейінгі кезеңде құқықтың рөлі үнемі прогрессивті болмағандығы туралы мысалдар мен құқықтық құралдардың аз ұлттың, халықтың мүдделеріне нұқсан келтірген жағдайлар көптеп кездеседі. Сондықтан, құқықтың қандай әлеуметтік реттеуіштің мүддесін қорғайтынына және онымен қалай өзара әрекетке түсетініне және оны қалай жүзеге асырылатынына байланысты ол бейтараптық, прогрессивті немесе реакциялық рөл атқаруы мүмкін. Бұл арада кейбір жағдайларда қарапайым құқық нормаларының қоғамға тым артық консервативтік сипат беретіндігі, ал басқа жағдайларда – нәтижесінде әлеуметтік қобалжулар немесе дауласуларды туындатуы мүмкін және қоғамда бәрі бірдей қабылдай бермейтін жаңа заңдар биіктіктеріне дейін қоғамды «көтеру» талпыныстарды жасайтындығы туралы сөз болып отыр. Қорыта келе, барлық тарихи дәуірлерде көптеген ойшылдар – барлық салада құқық бұқаралық билік құзырында болғандықтан, құқықтың осы бұқаралық билікпен қалай байланысу керектігі туралы мәселені анықтауға талпыныстар жасаған. Тек ХХ ғасырда «құқық дегеніміз басқару және саясатты жүзеге асыру құралы» деген ой нақты айқындалды. Бұл жағдайды құқық легитимдік саяси билікті жүзеге асыратын механизм екендігімен күшейтуге болады, сонымен қатар, оның басқарушылық және әлеуметтік сипаттамаларына; құқықта қолданылатын нормалардың ашық және айқын сипаттарына сілтеме жасалады, құқық аясында қолданылатын санкциялардың алуан түрлілігі қоғамдық өмірді реттеудің анағұрлым қолайлы тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді; құқықтық қатынас қатысушыларының құқықтары мен міндеттері нақты бөлінген және тура бекітілген; құқықтық нормалардың салыстырмалы тұрақтылығы, олардың тағдыр мен билік иелерінің жеке қасиеттерінен тәуелділігінің төмен деңгейі; «барлығына бірдей, жалпы шара» болып табылатын заңның «бірөлшемділігі». Осы байланыста құқықтың саясатты басқару және жүзеге асыру құралы; билікті заңмен шектеу құралы екендігі туралы идея барған сайын көкейкесті бола түсуде. К.К. Айтқожин «Құқықтық саясат мемлекет саясатының қоғамдық өмір құқықтық саласындағы міндеттерін орындауға бағытталған негізгі құралдарының бірі болып табылады. Соның нәтижесінде, құқықтық саясат басты бағыттардың мемлекет тұрғысынан көрінісін, елдің қолданыстағы құқық жүйесін дамыту және құқық қолдану қызметінің шараларын жетілдіру бойынша басты механизмді көрсетеді» [4], – деп әділ бағалады. Сонымен қатар, Қазақстанда да, жалпы әлемде де мемлекеттік билік легитимдігін құқықтық саясат биік тұғырынан ғана қамтамасыз етуге болады. Бұл арада айта кететін жайт, құқықтық саясаттың теориялық әдістемелік негіздерін зерттеуде ғылыми танымға негізделген құқықтың негізгі сипаттарын білу маңызды рөл атқарады және осы бір аз қарастырылған, алайда маңыздылығы зор ұғымды зерттеу негізіне айналуы мүмкін. Сонымен, құқықтық саясат қоғамның саяси жүйесіне кіретін барлық субъекттердің өзара әрекеттерінің негізінде жасалып, жүзеге асырылады және жалпұлттық мақсатты бағдарламаларда, даму концепцияларында, елдің халықаралық келісімшарттарында, заңдары мен басқа нормативті-құқықтық актілерінде, сондай-ақ басқа да ресми құжаттарда шоғырланған көрініс алады.