Шиеліде 1570 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады
Ai-news.kz. Шиелі ауданында жаңа оқу жылы басталды.
Бірінші қыркүйек – білім күніне орай барлық мектептерде «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
Салтанатты жиындардың бірі Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылындағы №251 Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте өтті. Мектеп ауласында өткен мерекелік іс-шараға аудан басшылығы мен қоғам өкілдері, сондай-ақ Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов қатысты.
Жиында білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен ардагер ұстаздар мен сала үздіктеріне Құрмет грамоталары және облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Мектептің ардагер ұстазы Күнімай Әбенқызы оқушыларға ізгі тілегін арнап, алғашқы қоңырау соғылды.
Аудан бойынша білім саласындағы негізгі көрсеткіштер:
• Шиелі ауданында жалпы білім беретін 40 мектеп бар, оның ішінде 2 жеке мектеп жұмыс істейді.
• Қазіргі таңда ауданда 18 174 оқушы білім алуда.
• Балаларды сапалы біліммен қамтитын 2600 педагог еңбек етуде.
• 2025–2026 жаңа оқу жылында 1570 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
• Ауданда үш ауысымдық немесе апатты мектеп жоқ. Бұл – соңғы жылдары білім инфрақұрылымына жасалған үлкен қолдаудың нәтижесі.
Жетістіктер:
Биылғы түлектердің орташа ҰБТ көрсеткіші – 84,3 баллды құрады. Сонымен қатар, облыстық тамыз конференциясында №47 М.В. Ломоносов атындағы мектеп-лицей «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, 34 миллион теңге грантқа ие болды.
Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамалары мен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауы арқасында өңірде білім саласына ерекше көңіл бөлініп жатқанын айғақтайды.





