Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков білім саласының ардагерлерімен кездесті
Ai-news.kz. Шиелі ауданы әкімі Айтбай Жандарбеков білім саласының ардагерлерімен кездесті.
Мәжіліс залында өткен басқосуда аудан басшысы ұстаздар қауымына деген ерекше құрметін білдірді. «Азаматын ардақтаған ел азбайды» деген халық даналығын тілге тиек еткен Айтбай Жандарбеков ұстаздықтың ұлы миссия екенін атап өтті.
Әкім өз сөзінде батыр Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген нақылын мысалға келтіріп, білім беру саласы ардагерлерінің еңбегін бағалау – болашаққа деген жауапкершіліктің көрінісі екенін жеткізді.
Ардагер ұстаздарға құрмет
Жиын барысында білім беру саласына айрықша үлес қосқан ардагер ұстаздарға Құрмет грамоталары мен облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Олардың ішінде:
• Тұрысбеков Сейітхан Тұрысбекұлы – 40 жылға жуық ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, 10 жылдан астам уақыт №149 Ә.Монтаев атындағы мектептің директоры болған.
• Сыздықова Жақсыгүл – ағылшын тілі пәнінің білікті маманы, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие берген.
• Кісенбаева Зияхан Бәкірқызы – математика пәнінің ардагер ұстазы, шәкірттерінің білімге құштарлығын оятқан жан.
• Найзабекова Баян Бектұрсынқызы – бастауыш сынып ардагер ұстазы, бүлдіршіндерге сауат ашып, саналы тәрбие берген ұстаз.
Рухани сабақтастық
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайл мен қоғамдық кеңес төрағасы Қаблеш Бекіш сөз сөйлеп, ардагер ұстаздарға ыстық ықыласын білдірді.
Бұл басқосу – ұстаздарға деген құрмет қана емес, сонымен бірге жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Ардагер ұстаздардың ақ батасы мен мол тәжірибесі бүгінгі буынға бағдар, болашаққа аманат болып қалмақ.





