«Бақ өсір, балама деп тағы өсір»: бағбанның бала тәрбиесіндегі ұстанымы

176

Ai-news.kz. Бақтың бабы және Бағбанның бейнеті

Келелі де күрделі кәсіпті жігіне жатқызып, жұмысын жандандырған жайсаңға жүрегің жылып қоя береді. Көңілге кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Бағбан» өлеңі қона кетеді. 

Кеп-кешегі жапан түз,

Жайқалған қазір гүл алаң.

Кәрі жерді жасартып,

Қартаяды екен бұл адам, – деп бақтың бабын тапқан бағбанды дәріптеген кісісі батыста емес, Сыр бойында екенін-ау деп қаласыз. Бұл – Ақерке Тәжекеева. 

«Болашақ» университетінде аға оқытушы, әрі ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі. Ғылым мен тәжірибені ұштастыра білген бесаспап бағбан. Тропикалық жемістердің тәтті дәмін татып, дәрумені денсаулыққа дауа екенін ескеріп, осы кәсіппен айналысып келе жатқанына 20 жылдан астам уақыт болыпты. Ол әрбір өсімдіктің биологиялық ерекшеліктерін зерттей отырып, оны жерсіндірудің тиімді жолдарын тапқан.

– Қалауын тапса, қар жанар демекші, тропикалық елде өсетін өсінділерді өз өлкемізден көрудің өзі бір ғанибет болды. Алғашқыда үміт пен күдік қатар тұрды. Даналарымыздың «Гүлші бір гүл өсіргенше жүз тікеннің уын жұтады» деген мақалы бар емес пе, сол айтқандай, көп ізденіс пен ерінбей еңбектенудің арқасында күткен нәтиже орындалды. Бүгінде базар-ошардан ғана көретін кункуа, мандарин, лимон, папайя, банан сияқты байғазы жемістер жылыжайымның және ауламның сәні мен саясына айналды. Мұны қажырлы еңбектің қайтарымы деймін. Енді тек жеміс өсірумен шектелмей, олардың тұқымын көбейтуге көңілім кетіп отыр. Өйткені Қызылорда жерінде қай дақыл да, қай жеміс те жайқалып өсетінін дәлелдегім келеді, – дейді бағбан Ақерке Кеңесбайқызы. 

Табиғаттың тілін түсінген, топырақты терең таныған ғалым-бағбанның тағы бір ұстанымы бар: «Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» дегеніндей, балаларды да бағбандыққа баулып, қосымша кәсіпті игерсе дейді. Сөйтіп тың жобаны тоқтатпай, табиғат пен адамның ортақ үйлесіміне дәнекер болуды қалайды. Жылыжай ісін жаңғыртып, адам ағзасына пайдасы мол тропикалық жемістер өсіруді жандандырғысы келеді.