Қызылордада InnoFest 2025 – инновациялық идеялар алаңы ашылды

853

Ai-news.kz. Қызылорда облысы өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен InnoFest Qyzylorda 2025 инновациялық идеялар фестивалі өз жұмысын бастады. Фестивальге ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен танымал азаматтар мен жас өнертапқыштар қатысты. Бұл шара жастарға өз шығармашылық және ғылыми әлеуетін көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, аймақ дамуына қажетті инновациялық идеяларды қолдау, жаңа технологиялық шешімдерді насихаттау бағытында маңызды рөл атқарады.

Фестивальдің негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, ІТ саласында жаңа жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беру және жаңа есімдерді анықтау. Ашылу рәсімінде облыс әкімі аппаратының басшысы Әділхан Мұхамедияров қатысушыларды фестивальдің ашылуымен құттықтап, жас ғалымдар мен инноваторларға өз идеяларын нақты өнімге айналдыруға шақырды. Ол сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстанды цифрлы мемлекетке айналдырудағы жастардың рөлі туралы айтқан пікірін ерекше атап өтті. «Бізге жасанды интеллект технологиясын дамытатын, оны күнделікті өмірге енгізе алатын мамандардың жаңа буыны қажет. Жастар ІТ саласын, стартап мәдениетін, жасанды интеллект пен Big Data технологиясын меңгерсе, Қазақстанның болашағы мықты болады», – деді Әділхан Мерекеұлы.

InnoFest Qyzylorda 2025 фестивалі шын мәнінде мүмкіндіктер алаңы ретінде қызмет етеді. Шара барысында жас инновациялық жобалар ұсынылып, қатысушылар өз идеяларын таныстырады, тәжірибе алмасады, сондай-ақ инвестициялық қолдау мен білім гранттарына ие болады. Бұл – жас таланттарды қолдап, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасауға бағытталған бірегей мүмкіндік. Фестивальдің жүлде қоры 5 400 000 теңгеден тұрады, әр секциядан үздік шыққан жастар Халықаралық ІТ, Астана ІТ, Қорқыт Ата, «Болашақ» және Ашық университеттерінің оқу гранттарын, сондай-ақ фестиваль серіктестерінен бағалы сыйлықтарды иеленеді.

Айта кетерлігі, Қызылорда экожүйесі дамыған, цифрлы мүмкіндіктері бар жаңа заманның жаңғырған қаласы ретінде жасанды интеллект жобаларын батыл енгізетін аймақтардың бірі болып саналады. Фестиваль – жас ғалымдар мен инноваторларды ынталандырып, олардың креативті идеяларын нақты өнімге айналдыра алатын алаң ретінде ерекше мәнге ие. Мұндай шаралар өңірде ІТ саласын дамытуға серпін беріп, жастардың ғылыми ойлау қабілетін шыңдайды.

InnoFest Qyzylorda 2025 инновациялық идеялар фестивалі қатысушыларға тәжірибе алмасуға, жаңа технологиялық шешімдерді таныстыруға, сондай-ақ бизнес және білім серіктестерімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұл шара жастардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін толыққанды ашуға, еліміздің цифрлық даму стратегиясын жүзеге асыруға және Қызылорда өңірін жаңа технологиялық жетістіктердің орталығы ретінде танытуға бағытталған маңызды бастама болып отыр. Фестиваль қатысушыларына табыс тілей отырып, ұйымдастырушылар әрбір жас инноватордың идеясын қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.