Шиеліде Ұстаздар күні салтанатты түрде аталып өтті

622

Ai-news.kz.  Бүгін Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған салтанатты мерекелік шара өтті. Мерекелік жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, ұлағатты ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтады. Аудан басшысы барша ұстаздарға Елбасы мен облыс басшысы атынан шын жүректен ізгі тілектерін жеткізіп, олардың ел болашағын тәрбиелеудегі еңбегін жоғары бағалады.

– Сіздерді Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алаш қайраткері Міржақып Дулатов: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» деп айтқандай, сіздерге артылған жауапкершілік – ұлы міндет. Ел ертеңін сеніп тапсыратын жас ұрпақты тәрбиелеу – қастерлі парыз. Сіздердің еңбектеріңіз Жаңа Қазақстанның жаңашыл да жасампаз ұрпағын тәрбиелеу жолында өлшеусіз.

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ауданымызда да іргелі істер атқарылып, білім беру саласының инфрақұрылымы жаңартылуда. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қатысуымен 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілді. №219 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай қайта жаңғырды. Сонымен қатар, «Сыр Ұланы» жазғы лагері толық абаттандырылып, балалардың демалысын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасалды. «Шұғыла» және «Қарлығаш» балабақшаларының аумағында көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, балалар үшін қауіпсіз және тартымды орта қалыптастырылды.

Осы жұмыстардың барлығы білім сапасына оң әсерін тигізіп, оқушылардың оқу үлгерімін жақсартуда маңызды рөл атқарып отыр. Мәселен, биылғы оқу жылын аяқтаған 1127 түлектің 881-і ҰБТ-ға қатысып, ауданымыз облыс бойынша орташа көрсеткішпен үздік бестікке еніп, төртінші орынды иеленді. Орташа балл – 84,3. Ең қуаныштысы – тест тапсырған түлектер жоғары оқу орындарына түсті, бұл да ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі болып отыр.

Сонымен қатар, аймақ басшысының қатысуымен өткен облыстық тамыз конференциясында жаңа оқу жылына тың міндеттер белгіленді. Сол жиында Шиелі ауданының №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейі «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, 34 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болды. Бұл жетістік ұстаздар еңбегінің жоғары кәсіби шеберлігін және мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты айқын көрсетеді.

Мерекелік шара барысында ардақты ұстаздарға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет грамотасы», Қызылорда облысы әкімінің және Шиелі ауданы әкімінің «Алғыс хаттары», сондай-ақ облыстық және аудандық кәсіподақ комитеттерінің марапаттары табысталды. Шара соңында аудан өнерпаздары ұстаздарға арналған концерттік бағдарлама ұсына отырып, мерекенің сәнін ашып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аудан әкімі өз сөзінде ұстаздардың рөлін ерекше атап өтіп, білім саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын жеткізді. Ұстаздардың еңбегі – жас ұрпақты саналы, білімді, елін сүйетін азамат етіп тәрбиелеудің басты кепілі. Бұл мереке ұстаздар қауымына құрмет көрсетіп қана қоймай, жас мамандарға үлгі боларлықтай маңызды оқиғаға айналды.