Мектептерде алгебра мен геометрияны бір пәнге біріктіру ұсынылды
186
Ai-news.kz. Қазақстанда мектептегі бірқатар пәндерді біріктіріп, сынақтан өткізу жоспарланып отыр.
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу бағдарламасындағы пилоттық жоба туралы айтты.
Атап айтқанда, жалпы "Математика" сабағына алгебра мен геометрияны, ал "Қоғамдық ғылымдар" пәніне дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін біріктірмек.
"Көтерілген мәселе пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылады. Мамандардың ұсынысы бойынша алгебра мен геометрияға қатысты көптеген сұрақтар туындады", – деді Бейсембаев.
Оның айтуынша, пәндерді біріктіру идеясы пәнаралық оқытудың әлемдік трендін көрсетеді. Мақсат – материалды қабылдауды жеңілдету, тақырыптардың қайталануын жою және мектеп бағдарламасын жан-жақты ету.
"Бұл өзгерістер барлық жерде енгізіледі деген сөз емес. Біз жобаны 20 облыстың белгілі мектептерінде пилоттық форматта іске қосамыз. Нәтижелерді сараптай келе, шешім қабылданады. Сол кезде оны жалғастыру немесе бұрынғы жүйеге қайта оралу шешіледі. Эксперимент тиімсіз болса, қазіргі оқыту үлгісі сақталады", – деді министр.





