Жас сарбаздарға Отан алдындағы борышын абыроймен атқару жөнінде түсіндіру жүргізілді
Ai-news.kz. Аудан әкімінің орынбасары әскерге шақыру пунктіне барды
Қазалы ауданындағы қорғаныс істері жөніндегі бөлім ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары биыл шілде айында басталып, қараша айында аяқталуға жоспарланған. Бұл жөндеу аясында ғимараттың сыртқы қасбеті толық жаңғыртылып, заманауи стильде әрлендіріледі, ал ішкі бөлімдерде инженерлік-коммуникациялық жүйелер, жылу жүйесі, электр желілері, сумен жабдықтау және қауіпсіздік жүйелері толық жаңартылуда. Жөндеу жұмыстарының мақсаты – бөлімнің жұмысын заманауи стандарттарға сай жүргізуге мүмкіндік беру және азаматтарға сапалы қызмет көрсету.
Аудан әкімінің орынбасары, әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Дәурен Тлеумбетов жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мердігерлермен кездесті. Ол бөлім бастығы Нұрлан Көлбаевқа барлық жұмыстардың сапалы орындалуын қадағалауды, мерзімінде аяқталуын бақылауды тапсырды. Сонымен қатар, ғимараттағы техникалық шешімдердің тиімділігін және жасалып жатқан әрлеу жұмыстарының стандарттарға сай болуын тексерді. Жөндеу барысында қолданылатын барлық материалдар сапалы, әрі қауіпсіздік талаптарына сай екендігіне назар аударылды.
Жөндеуден кейін Дәурен Оңғарбайұлы әскерге шақыру пунктіне барды. Мұнда медициналық комиссиядан өтіп жатқан азаматтармен кездесу ұйымдастырылып, әскерге шақырылушыларға олардың Отан алдындағы борышын абыроймен орындауы, әскери қызмет кезінде тәртіп пен жауапкершілікті сақтау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру және әскери борышқа дайындық жұмыстарын барынша тиімді жүргізу мәселелері талқыланды. Медициналық комиссия мүшелеріне де өз міндеттерін адал орындау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және әскери шақырылушыларға әділ қарау керектігі ескертілді.
Биылғы күзгі мерзімді әскерге шақыру кезеңінде Қазалы ауданынан 96 азаматқа шақыру тапсырылған. Осы уақытқа дейін облыстық жиын пунктіне 14 азамат жіберілді, оның төртеуі ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне, қалғандары басқа әскери бөлімдерге Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанды. Әскерге шақыру пунктіндегі жұмыстар толыққанды ұйымдастырылған, барлық азаматтар медициналық тексеруден өтіп, жеке құжаттары рәсімделіп, әскери қызметке дайындық бойынша нұсқаулықтар мен кеңестер алды. Пунктте қызмет атқарып жүрген мамандар шақырылушылардың барлық сұрақтарына жауап беріп, олардың қауіпсіздігін, тәртіпті және құқықтық нормаларға сәйкестігін қамтамасыз етуде.





