«Қызылорда-Нан» ЖШС: жаңа цехтар іске қосылып, өндіріс қарқыны артты

540

Ai-news.kz.  Қызылорда облысында өндіріс пен энергетика саласындағы ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның айқын дәлелі – «Қызылорда-Нан» ЖШС-ның заманауи кешені мен жаңа жылу-электр орталығы. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталмыш нысандардың жұмыс барысымен арнайы барып танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесін жоғары бағалады.

«Қызылорда-Нан» ЖШС-ның кешені нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіруге бағытталған. Жоба екі кезеңнен тұрады, өндіріс желілері толық автоматтандырылған. Қазіргі таңда үш цех іске қосылып, өнім шығару көлемі ұлғая түсті. Алдағы уақытта төрт түрлі өнімді қамтитын арнайы печенье цехы да іске қосылмақ. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, жергілікті нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өндірілген өнімнің 30 пайызы кәсіпорынның өз сауда желісі арқылы сатылса, қалған 70 пайызы Қызылорда қаласы мен оған іргелес елді мекендерге жеткізіледі. Бұл компанияның логистикалық жүйесінің тиімділігін және тұтынушыларға барынша жақын болуды көздейтінін көрсетеді. Жоба мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асып отыр. Кәсіпорынға 5 гектар жер телімі беріліп, қажетті инфрақұрылым – су және кәріз жүйелері тартылды. Сондай-ақ «Қазақстан Халық банкінен» 1,2 млрд теңге жеңілдетілген несие алынып, оның пайыздық мөлшерлемесі мемлекет тарапынан субсидиялануда.

Қазіргі таңда цехта 120 адам жұмыс істеуде. Екінші кезеңде ұн комбинатын салу жоспарланып отыр. Бұл кезең толық аяқталған соң кәсіпорында жұмыс істейтін мамандардың саны 150-ге жетпек. Осылайша жаңа өндіріс орны аймақ тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, өңір экономикасына қосымша серпін беретін болады.

Аймақ басшысы сондай-ақ жаңа жылу-электр орталығының құрылыс барысын тексерді. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен түркиялық «Aksa Energy» компаниясымен бірлесіп, қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы салынып жатыр. Жоба аясында АҚШ-та жасалған General Electric маркалы қуаттылығы 180 МВт болатын екі газ турбиналық қондырғы, Чехияда шығарылған Doosan Skoda компаниясының 95 МВт-тық бу турбинасы, Италияның AC BOILERS кәсіпорнынан сағатына 120 тонна бу өндіретін екі қазандық және Түркиялық Mimsan компаниясының жылу қуаттылығы сағатына 150 Гкал болатын төрт қазандығы орнатылады.

Бұл жобаның өңір үшін маңызы зор. Жаңа орталық іске қосылғанда аймақтың энергетикалық тәуелсіздігі артып, халық пен кәсіпорындарды үздіксіз электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейеді. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Бюджет қаражаты есебінен автоматтандырылған газ тарату станциясы мен ұзындығы 45 шақырымды құрайтын газ құбыры салынды.

Жоспар бойынша 2025 жылдың соңына дейін орталықтың бірінші кезеңі аяқталып, 1 газ турбиналық қондырғы мен 2 жылу қазандығы қосылады. Ал 2026 жылы қалған қондырғылар іске қосылып, нысан толық қуатында жұмыс істей бастайды. Бұл жоба аймақтағы өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, сонымен бірге тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.