Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты бақылауда
Ai-news.kz. Аудан аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тұрғындардың күнделікті тұтынатын өнімдеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы құрылған жұмысшы топ тарапынан жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмысшы топтың құрамына аудан әкімдігіне қарасты тиісті бөлімдердің мамандары мен уәкілетті органдардың өкілдері енгізілген.
Мониторинг барысында аудан аумағындағы сауда орындары, дүкендер мен сауда орталықтарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылған бөлшек бағалар зерделеніп, заңнама талаптарының сақталуына ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге өндіруші немесе көтерме бағадан қойылатын сауда үстемесінің 15 пайыздан аспау қажеттігі түсіндіріліп, белгіленген талап бұзылған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделетіні жөнінде ескертілді. Осы бағытта кәсіпкерлік нысандарына арнайы ескертпе хаттар мен жадынамалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Апталық мониторинг нәтижелері бойынша әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімінің ішінен тек бір өнім бойынша ғана бағаның өскені анықталды. Атап айтқанда, жұмыртқа бағасы 50–51 теңге аралығында болып, 2 пайызға қымбаттаған. Қалған 18 атаулы азық-түлік өнімі бойынша баға деңгейі тұрақты сақталуда.
Бағасы жоғары деңгейде сатылған күнбағыс майы өніміне қатысты сауда субъектісі туралы ақпарат облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына жолданып, тиісті шаралар қабылдау үшін зерделеуге ұсынылды. Жалпы азық-түлік бағасының өсуіне қатысты аудан кәсіпкерлері негізгі себеп ретінде Қызылорда қаласындағы көтерме сауда орындарында өнімдерге 10–15 пайыз көлемінде үстеме қосылып сатылуын атап өтуде. Бұл жағдай ауданға жеткізілетін тауарлардың өзіндік құнына әсер етіп, бөлшек бағаның өсуіне ықпал етуде.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өнімсіз делдалдарды анықтау мақсатында да тиісті зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аудан аумағындағы кәсіпкерлер мен дүкен меңгерушілерінің көпшілігі облыс орталығы жақын орналасқандықтан, қажетті азық-түлік өнімдерін апта сайын өздерінің жүк автокөліктерімен Қызылорда қаласындағы «Ескі» базар маңында орналасқан «Ажар», «Асқар», «Мирас», «Несібелі», «Сыбаға» көтерме сауда орталықтарынан тікелей сатып алып келетіні анықталды.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорына да тұрақты мониторинг жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан бойынша сауда орталықтары мен дүкендердің қоймаларында жалпы көлемі 126,3 тоннаны құрайтын бір апталық азық-түлік қоры қалыптасқан.
Жыл басынан бері азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан орталығында 6 мәрте, облыс орталығында 1 мәрте және Астана қаласында 1 мәрте ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, онда өнімдер базар бағасынан 10–15 пайыз төмен бағамен тұрғындарға ұсынылды. Сонымен бірге, аудан бойынша бекітілген оператор арқылы тұрақтандыру қорынан 70 тоннаға жуық азық-түлік өнімі сатып алынып, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ бекіткен тұрақты бағамен халыққа сатылды.
Азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиялардың бекітілген алгоритмі аясында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне байланысты 11 кәсіпкерлік нысаны бойынша жеке тұлғалардан түскен арыздар Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жолданды. Нәтижесінде 3 кәсіпкерге ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылып, 8 арыз бойынша заң бұзушылық анықталмағандықтан кері қайтарылды.
Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және тұрғындардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету басты назарда болмақ.





