Егінді ысырапсыз жинау мен көрсеткіштерді бақылауда ұстау тапсырылды
Ai-news.kz. Жалағаш ауданы әкімдігінде аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды екі мәселе – инвестиция тарту және күзгі жиын-терім науқанын сапалы аяқтау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыланды. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және аграрлық сала өкілдері қатысты.
Кеңес барысында аудан әкімі Ардақ Ибраимов ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жүйелі үйлестіру мен жиын-терім науқанының жоғары деңгейде өтуінің аудан экономикасы үшін зор маңызы бар екенін атап өтті. Ол астық жинау кезінде әрбір дәннің ысырапсыз жиналуын қамтамасыз ету, техникалардың үздіксіз жұмысын ұйымдастыру және барлық агротехникалық талаптардың толық орындалуын басты назарда ұстау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, жанар-жағармай қорын жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету, өнімді сақтау қоймалары мен элеваторлардың дайындығын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Аудан басшысы жауапты тұлғаларға жұмыс барысын күнделікті бақылауда ұстап, егін жинау кезінде туындайтын барлық мәселелерді дереу шешуді міндеттеді.
Жиында күн тәртібіндегі екінші мәселе – инвестиция тарту және жаңа жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар егжей-тегжейлі қаралды. Ардақ Ибраимов өз сөзінде ауданның инвестициялық әлеуетін арттыру, жеке сектор мен мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылын нығайту қажеттігін ерекше атап өтті. «Инвестиция – өңірдің тұрақты дамуының басты тетігі. Біз ауданға келетін әрбір инвесторға ашық әрі қолайлы жағдай жасап, жобалардың іске асырылуын толықтай қолдауға дайын болуымыз керек. Бұл тек қаржы тарту емес, сонымен қатар жаңа технологиялар мен тиімді өндірістік тәжірибелерді енгізу мүмкіндігі», – деді аудан басшысы.
Мәжілісте ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және экономика бөлімдерінің жетекшілері өз салалары бойынша баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ, жиында аграрлық сектордағы тиімді бастамаларды қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвесторлармен өзара әріптестік орнату мәселелері де талқыланды. Ардақ Ибраимов сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, барлық жоспарланған жобалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын талап етті.
Аудан әкімі жиын соңында әрбір бөлім мен мекеменің жұмысы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және ауданның экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталуы тиіс екенін баса айтты. «Біз қабылдаған әрбір шешім халықтың игілігі үшін болуы керек. Сондықтан жауапты тұлғалар жоспарланған жұмыстардың уақытылы орындалуына және олардың нақты нәтижесіне баса назар аударуы қажет», – деді Ардақ Ибраимов.
Мәжіліс қорытындысы бойынша аудан әкімдігі тарапынан инвестиция тарту және ауыл шаруашылығы саласын қолдау бағытындағы жұмыстарды жандандыру, сондай-ақ жиын-терім науқанын уақытылы әрі сапалы аяқтау мақсатында қосымша шаралар қабылданатын болды.





