Қызылорда қала аумағындағы кәріз желілерін жетілдіру жұмыстары жалғасуда
Ai-news.kz. Кәріз жүйелері жаңғыртылуда
Қаланың коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы маңызды шаралардың бірі – кәріз жүйелерін жаңарту жұмыстары. Бұл жүйе шаруашылық-тұрмыстық қалдықтарды, сарқынды суларды және сұйық өнімдерді шығару арқылы халықтың тұрмыс сапасын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
Бүгінгі таңда қала аумағында 457 шақырымдық кәріз желісі, 67 насос станциясы және 2 кәріз суларын тазарту кешені жұмыс істеп тұр. Осы орталық жүйеге тұрғын үйлердің 60 пайызы қосылған. Алдағы кезеңде бұл көрсеткішті 82 пайызға жеткізу көзделуде. Осы мақсатта қалада жүйелі жаңғырту шаралары атқарылып келеді.
Аймақ басшысының қолдауымен 2023 жылы 11 насос станциясы қайта жаңартылып, 8,3 шақырым тозған кәріз құбырлары толық ауыстырылды. Келешекте 158 шақырым жаңа желі тартылып, 10 насос станциясы жаңғыртылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде жүйенің қуатын арттырып, апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Қызылжармадағы кәріз суларын тазарту станциясын қайта құру, Тасбөгет кентіндегі жағымсыз иіс мәселесін шешу және магистралдық коллекторларды жаңғырту бағытында ауқымды жобалар қолға алынуда.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар қаланың экологиялық қауіпсіздігін күшейтіп, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтермек.





