Қызылордада электр желілері кезең-кезеңімен жаңартылуда
Ai-news.kz. Қала тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда қаласында 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында электр жүйелерін жаңғырту және құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі таңда «Қызылорда электр тораптары компаниясы» АҚ-ның пайдалануындағы электр желілерінің ұзындығы 10 504 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, 2018 дана қосалқы станция жұмыс істейді. Инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту шеңберінде биылғы жылы 30,15 шақырым болатын ӘЖ-10/0,4 кВ электр желілері қайта жаңғыртылуда.
Электр энергиясын тиімді пайдалану мен есепке алу жүйесін жетілдіру мақсатында 1299 дана есепке алу құрылғылары заманауи үлгіге сай жаңартылуда. Бұл шаралар электр энергиясын тұтыну сапасын арттыруға әрі тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта 2 жиынтық телемеханика жүйесі орнатылып, ұзындығы 16 шақырымды құрайтын ӘЖ-35кВ Л-33, Л-34 ПС – 220/35/10кВ «КТЭЦ»-ПС-35/10кВ «Шұғыла» әуе желісі толықтай жаңғыртудан өтеді.
Сала мамандарының айтуынша, бұл жұмыстардың жүзеге асырылуы нәтижесінде Қызылорда қаласының энергетикалық инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарып, тұтынушылар сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтылатын болады.





