Қызылордада құрылыс қарқыны мен жол сапасы басты назарда

664

Ai-news.kz.  Құрылыс пен жол сапасы – күн тәртібіндегі басты мәселе

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында құрылыс нысандарының сапасы мен мерзімі, сондай-ақ жолдардың жағдайы кеңінен талқыланды. Жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.

Соңғы үш жылда қаржыландырудың барлық көзінен жалпы аумағы 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілді. Биылғы жылы бюджет қаражаты есебінен және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алу арқылы 3 800-ге жуық отбасы баспаналы болмақ. Қала келбетін айшықтаған заманауи 7, 9 және 12 қабатты тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда.

Әлеуметтік инфрақұрылым да назардан тыс қалмады. 2022 жылдан бастап өңірде 15 жаңа мәдениет нысаны салынып, пайдалануға берілді. Аудандарда «Руханият орталықтары», балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, музыкалық колледждің жаңа ғимараты мен облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды. Қызылорда қаласында «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қолдауымен «Достық үйі» салынып жатыр. Нысан қараша айында қолданысқа беріледі.

Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы жылдары 1 232 шақырым автомобиль жолы мен көшелер және 19 көпір салынып, күрделі жөндеуден өткізілді. Арал және Жаңақорған аудандарында теміржол үстінен өтетін аспалы көпірлер пайдалануға берілді. Биылдың өзінде 329 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетеді деп күтілуде.

Республикалық маңызы бар «Қызылорда–Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. Оның 216 шақырымының 163 шақырымы толық аяқталып, қосымша 12 шақырымына екі қабатты асфальт төселді. Жоба биыл толық бітпек.

Сонымен бірге, облыс орталығындағы әуежайдан Сұлтан Бейбарыс көшесіне дейінгі аралық, Шиелі ауданынан кіреберіс жол, Яссауи, Жаппасбай батыр көшелері мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты болып кеңейтілді. Қазіргі таңда Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі 2,9 шақырым жол құрылысы және Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты өткелінің құрылысы жалғасуда.

Аймақ басшысы жауапты басшыларға әрбір нысанның сапасы мен аяқталу мерзімін жіті бақылауды тапсырды.