Ауданның ауыл шаруашылығы саласында жүйелі жұмыстар атқарылуда

581

Ai-news.kz. Аудан көлемінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Аграрлық секторды тұрақты дамыту, егіс көлемін ұлғайту, өнім сапасын арттыру және шаруашылық құрылымдарын қажетті ресурстармен қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.

Аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары жалпы 35 899 гектар алқапқа орналастырылды. Оның ішінде негізгі стратегиялық дақыл саналатын күріш 22 704 гектар жерге егілді. Сонымен қатар егін құрылымын әртараптандыру мақсатында жаздық бидай 2000 гектарды, арпа 40 гектарды, мақсары 600 гектарды, жаңа жоңышқа 2200 гектарды, картоп 145 гектарды, көкөніс 240 гектарды және бақша дақылдары 420 гектарды құрап отыр. Бұдан бөлек, бұрыннан бар 7400 гектар ескі жоңышқа алқаптары тиімді пайдаланылуда.

Мал азығы қорын қалыптастыру мақсатында жоңышқа дақылына ерекше көңіл бөлінуде. Шаруашылық құрылымдары жоңышқаның бірінші орымынан 6455 гектар алқаптан 6455 тонна мал азықтық шөп жинады. Орташа өнімділік әр гектардан 10,0 центнерді құрап, бұл көрсеткіш ауданның мал шаруашылығын тұрақты жем-шөп қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Күріш шаруашылығын дамыту аясында егіске қажетті 5250 тонна күріш тұқымы дайындалды. Оның ішінде 2947 тоннасы немесе 56,1 пайызы себу дәрежесіне жеткізілді. Тұқым қоры негізінен «Лидер», «Янтарь», «Яхонт», «Патриот», «Маршал» және «Айсара» сорттарынан құралған. Аталған сорттар жоғары өнімділігімен және жергілікті климаттық жағдайға бейімділігімен ерекшеленеді.

Егін жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында күріш алқаптарына қажетті минералдық тыңайтқыштар толық көлемде сатып алынды. Жалпы көлемі 10 600 тоннаны құрайтын тыңайтқыштың ішінде аммоний сульфаты, карбамид, аммофос және басқа да түрлері бар. Тыңайтқыштарды уақытылы әрі талапқа сай қолдану өнім көлемін арттыруға және топырақ құнарлылығын сақтауға оң әсерін тигізуде.

Егіс науқанына аудан бойынша 780 дана ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Оның ішінде тракторлар, тіркемелер, соқалар, дән сепкіштер мен жүк көліктері белсенді пайдаланылды. Шаруашылық құрылымдарына көктемгі дала жұмыстарына қажетті дизель отыны да кезең-кезеңімен жеткізіліп, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі жүйелі түрде шешілуде.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар алқаптарда лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде күріш алқаптарының едәуір бөлігі тегістеліп, су үнемдеу мен өнімділікті арттыруға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалымен шаруа қожалықтары арасында су пайдалануға қатысты келісімшарттар жасалуда.

Аудан аумағында барлығы 81 насос қондырғысы бар. Оның бір бөлігі тікелей егін суару жұмыстарына пайдаланылып, егіс алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге және су тапшылығының алдын алуға септігін тигізіп отыр.

Тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында ауыл тұрғындарына арналған қосымша егіс алқаптары ашылды. Бұл алқаптарда жүздеген тұрғын жеке егін егу жұмыстарымен айналысып, өз қажеттіліктерін өтеумен қатар, артық өнімді нарыққа ұсынуға мүмкіндік алуда.

Сонымен бірге аудан бойынша ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Жаңа техникалар сатып алынып, негізгі қорға қомақты инвестициялар тартылуда. Ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер де тұрақты түрде көрсетіліп, шаруашылық құрылымдарына жан-жақты қолдау жасалуда.

Жалпы атқарылған жұмыстар ауданның ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.