Жыл басынан бері 25,4 млн теңгеге 3 жоба қаржыландырылды

116

Ai-news.kz.  Қарауылтөбе ауылдық округінде кәсіпкерлік саласы жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады. Бүгінгі таңда округ аумағында 131 кәсіпкерлік нысан тұрақты түрде жұмыс істеп, жергілікті тұрғындарға түрлі қызмет түрлерін ұсынып отыр. Бұл шағын және орта бизнестің ауыл экономикасындағы маңыздылығын тағы бір мәрте айқындайды.

Жыл басынан бері округте 6 жаңа кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, олардың қатарын жас кәсіпкерлер мен іскер азаматтар толықтырды. Сонымен қатар, жалпы құны 25,4 миллион теңгені құрайтын 3 жоба қаржыландырылды. Бұл өз кезегінде ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік тудырды.

Атап айтқанда, «Іскер» бағдарламасы аясында 2 жоба қолдау тапса, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы тағы бір жоба мақұлданды. Мұндай бастамалар ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашып қана қоймай, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жергілікті экономиканы нығайтуға ықпал етуде.

Жалпы алғанда, атқарылып жатқан жұмыстар ауылдық округтің іскерлік әлеуетін арттырып, тұрғындардың кәсіпке деген қызығушылығын оята түсті.