Басықарада 52 тоғаннан тұратын ірі жоба қолға алынды

143


Ai-news.kz. Басықарада балық тоғаны салынуда

Қазалы ауданына қарасты Басықара ауылында балық шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жоба қолға алынды. «Арал Рыбторг» ЖШС-нің жетекшісі Қуаныш Өмірзақов 464 гектар жер учаскесін жалға алып, балық өсіруге арналған арнайы тоғандардың құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл бастама аймақтағы су ресурстарын тиімді пайдаланып, жергілікті экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпкердің айтуынша, құны 650 миллион теңгені құрайтын «Тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы» жобасы 2026 жылы толық іске қосылады. Жоба аясында барлығы 52 тоған салынып, сол жылы шамамен 500 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Бұл тек өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, аймақтағы балық шаруашылығының жаңа деңгейге шығуына жол ашады.

Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев Басықара ауылына барып, құрылыс алаңындағы жұмыстармен танысты. Ол кәсіпкермен әңгімелесу барысында жобаны толық жүзеге асыру үшін қаржы ұйымдары арқылы қажетті инвестициялық қолдау көрсетілетінін айтты. Қазіргі таңда жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген. Алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысындағы тәжірибе негізінде жобаны қаржыландыру көзделуде.

Жоба іске қосылған соң, жергілікті жерден 20-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзі мен жаңа жұмыс орындарына жол ашады. Сонымен қатар, балық шаруашылығының дамуы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне де оң ықпал етпек.