Киелі мұралар мен сәулеттік жобалар — рухани жаңғырудың көрінісі

384

Ai-news.kz. Шиелі ауданында соңғы уақытта тарихи мұраларды сақтау мен елді мекендердің көркейту жұмыстары қатар жүргізіліп, өңірдің мәдени және рухани келбеті жаңа сипатқа ие болуда. Бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудан ардагерлерімен бірге осы бағыттағы жұмыстармен танысып, Шиелі кенті мен оның маңындағы тарихи-мәдени нысандарды аралады. Сапар барысында ауданның басты рухани орталықтарының бірі – Оқшы ата кесенесі мен Шиелі кентінің кіреберіс қақпасы ерекше назарға алынды.

Алдымен, аудан басшысы мен ардагерлер киелі Оқшы ата кесенесіне барды. Бұл кесене – Оғыз–Қыпшақ дәуірінен қалған тарихи мұра және қазақ халқының көне тарихынан сыр шертетін маңызды ескерткіш. Еліміздің рухани картасында ерекше орын алатын бұл нысан республикалық маңызы бар тарихи жәдігер ретінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген. Оқшы ата кесенесі ғасырлар бойы талай тарихтың куәсі болып, бүгінгі ұрпаққа ата-баба рухына тағзым ететін киелі орын ретінде қызмет етіп келеді.

Соңғы уақытта кесене аумағында ауқымды абаттандыру және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Заманауи жарық шамдары орнатылып, кесененің сыртқы және ішкі құрылымдары жаңартылды, аумағы тазартылып, келушілерге арналған демалыс аймақтары жасақталды. Сонымен қатар, кесенеге апаратын жолдар тегістеліп, көріктендірілді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Оқшы ата кесенесі өзінің тарихи мәнін сақтай отырып, жаңа кейіпке енді. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков мұндай игі істердің басты мақсаты – ата-баба мұрасын сақтау мен оны келешек ұрпаққа лайықты түрде жеткізу екенін атап өтті.

Аудан делегациясы келесі нысан ретінде Шиелі кентінің кіреберіс қақпасын көрді. Заманауи сәулет үлгісінде бой көтерген бұл қақпа бүгінде ауданның ажарын айшықтап, келушілерге ерекше әсер қалдырады. Кешкі уақытта түрлі түсті жарық шамдары қосылып, алыстан көз тартатын көрініс қалыптастырады. Қақпаның дизайнында ұлттық нақыштағы элементтер мен өңірдің өзіндік ерекшеліктері көрініс тапқан. Бұл нысан ауданның дамуы мен жаңғыруының символына айналып, тұрғындар арасында мақтаныш сезімін тудырып отыр.

Ардагерлер тарапынан атқарылған жұмыстарға жоғары баға берілді. Олар аудан әкімдігі мен мердігер ұйымдардың еңбегін ерекше атап өтіп, тарихи мұралар мен заманауи сәулеттік шешімдердің үйлесімділігі ауданның мәдени әлеуетін арттыруға ықпал ететінін жеткізді. Сонымен бірге, ардагерлер келешекте де осы бағыттағы жұмыстардың жалғасын тауып, ауданның тарихи ескерткіштері мен мәдени нысандарының сақталуына тұрақты көңіл бөліну қажеттігін айтты.

Шиелі ауданының әкімдігі соңғы жылдары аймақтың мәдени және тарихи нысандарын жаңғыртуға айрықша назар аударып келеді. Бұл тек эстетикалық тұрғыдан емес, сонымен қатар халықтың рухани өміріне де оң әсер етуде. Тарихи орындардың жаңаруы – ел бірлігінің, ұлттың өткеніне деген құрметтің және болашаққа деген сенімнің көрінісі.

Жиын соңында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ауданның тарихи және мәдени мұраларын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасын табатынын айтты. «Біздің парызымыз – бабалар аманатын көздің қарашығындай сақтау. Әрбір жаңғыртылған ескерткіш – ұлт рухының тірі куәсі. Сондықтан мұндай жұмыстар жүйелі түрде әрі сапалы атқарылуы тиіс», – деді ол.

Осылайша, Оқшы ата кесенесі мен кіреберіс қақпа ауданның мәдени жаңғыруының айғағына айналып, Шиелі өңірінің жаңа келбетін айқын көрсетіп отыр.