Ақтан батырдың 255 жылдығында ұлттық спорт сайыстары өтті

216

Ai-news.kz. Ақтан батырдың 255 жылдық мерейтойында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті

Қазалы ауданына қарасты Ақтан батыр ауылында ел қорғаған ер баба – Ақтан Ақайұлының 255 жылдық мерейтойына орай бірқатар мәдени және рухани шаралармен қатар ұлттық спорт түрлерінен дүбірлі сайыстар ұйымдастырылды. Ауылдың орталық алаңына жиналған жұртшылық балуандық пен ептілікті, шыдамдылық пен күш-қайратты сынайтын ұлттық ойындардың тамашасына куә болып, қазақ халқының бай мұрасын дәріптеген тағылымды шараның бір бөлігіне айналды.

Жарыс аясында қазақша күрес, қол күрес, арқан тартыс және ат үстіндегі аударыспақ сайыстары өткізілді. Бұл тартысты додаларға Ақтөбе облысы, Қармақшы ауданы және Қазалы өңірінен келген сайдың тасындай іріктелген мықты спортшылар қатысты.

Қазақша күресте белдескен балуандардың айласы мен әдіс-тәсілі көрерменді тәнті етті. Жеңімпаздар арасында Арал ауданынан келген білекті палуан Бақтияр Ибрагимов І орынды иеленсе, ІІ орын қазалылық Қуаныш Есенге бұйырды. Ал ІІІ орын Қармақшы ауданының намысын қорғаған Алмахан Спандиярға табысталды.

Қол күресте де тартыс тармақталды. Нәтижесінде Ақтан батыр ауылының спортшысы Әділет Өмірбеков І орынды иеленді. Одан кейінгі орындар Әйтеке би кентінің спортшысы Жалғасбек Мақсат пен Кәден Иьясқа бұйырды.

Арқан тартыста бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен Ақтан батыр ауылының командасы І және ІІІ орындарды иеленсе, ІІ орын Бекарыстан би ауылының еншісіне жазылды.

Аударыспақ сайысы екі кезең бойынша өтті. Жеңіл салмақта (80 кг-ға дейін) 16 сайыскер боз аттың үстінде бақ сынап, шеберліктерін ортаға салды. Мұнда І орынды Ырғыз ауданынан келген Қазақстанның бес дүркін чемпионы Кәрім Нұрталап жеңіп алды. ІІ орын қазалылық Жұмабаев Жасұланға, ІІІ орын тағы бір жергілікті спортшы Қанибай Дәуірханға бұйырды.

Ауыр салмақта (80 кг-нан жоғары) 9 спортшы бақ сынап, сайыс қыза түсті. Қорытындысында І орынды Ырғыз ауданынан келген Еркінұлы Нұржан иеленді. ІІ орын қазалылық Бегімов Мұхаммедке, ІІІ орын аралдық Берекетов Шәмшіге табысталды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сертификаттар және арнайы дипломдар тапсырылып, ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйланды. Ұлттық спорт ойындары мерейтойға қатысушыларды бірлікке, достыққа, ептілікке баулып, бабадан қалған асыл мұраны дәріптеудің үлгісіне айналды.

Ертеңгі күні батыр баба рухына тағзым ретінде ат бәйгесі ұйымдастырылатыны хабарланды. Бұл да мерейтойдың ең қызықты әрі көпшілікті еліктіретін шараларының бірі болмақ.