Қызылордадағы мәдени-демалыс саябағы уақытша жабылады
Ai-news.kz. Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, Қызылорда қаласындағы қалалық мәдени және демалыс саябағы 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап жаңа маусымға дейін уақытша жабылатынын хабарлаймыз.
Әр маусым сайын қала тұрғындары үшін демалыс пен мәдени шаралардың ордасына айналған саябақ биылғы жазда да сан алуан мерекелік кештер, концерттер мен балаларға арналған ойын-сауық бағдарламаларын ұсынып, қонақтар көңілінен шықты. Ашық аспан астында өткен мәдени іс-шаралар, спорттық сайыстар және отбасылық демалысқа арналған түрлі алаңқайлар жұртшылықтың бос уақытын тиімді өткізуіне септігін тигізді.
Алдағы жабылу кезеңінде саябақ аумағында тиісті күтім жұмыстары жүргізіліп, ағаштар қырқылып, гүлзарлар жаңартылып, инфрақұрылымға техникалық қызмет көрсетіледі. Бұл келесі маусымда қонақтарды одан да жайлы ортада қарсы алуға мүмкіндік береді.
Саябақ әкімшілігі тұрғындар мен қонақтарға жылы лебізін білдіріп, өткен маусымдағы белсенділіктеріңіз үшін алғысын жеткізеді. Келер жылы тың идеялар, жаңа жобалар және қызықты мәдени іс-шаралармен қайта қауышамыз.
Қызылорданың мәдени өмірінде ерекше орын алатын қалалық саябақ – бәріміздің ортақ демалыс орнымыз.





