Қазалылық ақын Ақжол Түменбай республикалық байқаудың бас жүлдесін иеленді
Ai-news.kz. Астана қаласында Ұлы ақын, қазақтың дана ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған республикалық жыр мүшәйрасы жоғары деңгейде өтті.
Бұл игі шарада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас ақындар өзара бақ сынасып, өнер мен сөз құдіретін паш етті. Солардың арасында Сыр елінің намысын қорғаған қазалылық талантты жас ақын, қазақ эстрадасындағы бірнеше хит әндердің авторы Ақжол Түменбай ерекше көзге түсіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Өзінің әсерлі жырлары мен шынайы поэзиялық өрнегі арқылы көрерменнің де, қазылардың да жүрегін жаулаған Ақжол Түменбай байқауда бас жүлдені жеңіп алды. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен өткен бұл Республикалық мүшәйра жас таланттардың шығармашылық әлеуетін танытатын маңызды алаңға айналды.
Жеңімпаз атанған жерлесімізге арнайы дайындалған диплом мен қомақты сыйақы – 500 000 теңгенің сертификаты салтанатты түрде табысталды. Бұл марапат – тек жеке жеңіс қана емес, Сыр өңірінің поэзиядағы беделін асқақтатқан қуанышты сәт болды.
Қазақ поэзиясының көкжиегінде жарқырай бастаған жас жұлдызымыз Ақжол Түменбайды осы тамаша жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Оның болашақта да әдебиет пен өнер саласында жаңа асуларды бағындыратынына сенеміз.





