«Ауыл күндері» байқауы еңбек адамдарының мәртебесін көтеруде

445

Ai-news.kz.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына сәйкес, Шиелі ауданында ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, тұрғындардың белсенділігін ынталандыруға бағытталған «Ауыл күндері» байқауы бастау алды.

Бұл бастама – ауыл өмірін жандандырып қана қоймай, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға арналған ерекше қадам. «Ауыл күндері» аясында өткізілетін шаралар елді мекендердің келбетін жақсартып, тұрғындар арасында бірлік пен ынтымақты нығайтуға зор ықпал етуде.

🔷 Жоба шеңберінде ауылдарда абаттандыру жұмыстары қолға алынып, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізіліп, жергілікті еңбек адамдарын қолдау, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттау негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Мұндай шаралар жас ұрпақтың еңбекке деген қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби бағдарын айқындауға ықпал етуде.

🔸 Байқаудың ерекшелігі – әр ауылдың өз ерекшелігін, мәдени мұрасын және тұрғындарының бірлігін паш етуінде. Жобаға қатысушы ауылдық округтер өздерінің тарихы мен дәстүрін жаңғыртып қана қоймай, өнерлі азаматтарын, белсенді жастарын және еңбекқор тұрғындарын көпшілікке таныстырады. Бұл ауылдағы мәдени өмірдің қайта жандануына жол ашып, ауыл тұрғындарының өз күшіне деген сенімін нығайтады.

🔹 Осы бағыттағы іс-шаралар легі 19 қыркүйек күні жалғасып, Тартоғай және Қоғалы ауылдық округтері өз өнерлерін ортаға салмақ. Сағат 19:00-де М.Шоқай атындағы орталық алаңда өтетін концерттік бағдарламада ауыл өнерпаздары ән-биден бастап, ұлттық дәстүрлерді қамтитын мазмұнды қойылымдар ұсынбақ. Бұл кеш – ауылдың өнерлі жастары мен талантты азаматтарының шығармашылығын көпшілікке танытатын тамаша мүмкіндік болмақ.

Осылайша, «Ауыл күндері» тек мерекелік сипаттағы жоба ғана емес, сонымен қатар ауыл тұрғындарының әлеуетін ашуға, еңбек адамының мәртебесін көтеруге және өңірдің мәдени-рухани өмірін байытуға бағытталған маңызды бастама болып отыр.