Ескерткіштерді қорғау – мәдениетіміздің белгісі

116

Ai-news.kz Бүгін - халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні.


 Бұл атаулы дата алғаш рет ЮНЕСКО жанында құрылған халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мақсатында 1984 жылдан бастап белгіленген болатын. Бүгінде Сыр өлкесінде барлығы 567 тарихи-мәдени мұра мемлекет қорғауына алынған. Ал 280 ескерткіш тарихи-мәдени мұра негізінде тізімге енгізіліп отыр. Атаулы күнге орай, бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында көшпелі брифинг өтіп, облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөнінде КММ-нің басшысы Ерқазы Алданазаров БАҚ өкілдеріне құнды мұралар туралы толық айтып берді.

– Өздеріңізге белгілі, Сыр өңірі ежелден тарихи мұраларға, құнды жәдігерлерге бай өлке. Осыған орай, биыл облыс әкімінің қолдауымен аймақтағы мәдени ескерткіштерді және тарихи нысандарды, өркениет ошақтарын зерттеу бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыруға қолдау білдірді. Мәселен, биыл ежелгі өркениет ошағы саналатын сақтардың орталығы Бәбіш мола, оғыздардың ордасы Жанкент және қазақ хандықтарының астанасы болған Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен Жанкент қалашығына және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша Құрайлы асар қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, биыл республикалық бюджет есебінен облыстағы бірқатар ескерткіштерге атап айтқанда, Сығанақ, Алтынасар қалашықтары, Сырлытам, Асан ата, Оқшы ата, Қожан қожа кесенелері, Ғанибай мешіті, Ғани Мұратбаев мемориалдық музейіне реставрациялық жұмыстар жүргізілмек. Ал аудандық бюджеттен Қыш ата, Ғайып ата кесенелері қайта жаңғыртылады. Халықаралық ескерткіштер күніне орай өңірде 18-19 сәуір күндері мәдениет және өнер мекемелері, облыстық музейлер, архивтер мен кітапханаларда тақырыптық көрмелер, экскурсиялар және мәдени танымдық шаралар ұйымдастырылады, - деді Ерқазы Жарылқасынұлы.

Көшпелі брифингтен кейін “Сыр өңірінің археологиялық мұрасын зерттеу, сақтау және қорғаудың өзекті мәселелері” тақырыбындағы конференция өтті.

18 сәуір Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Бұл күн 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрікті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекітіп, 1984 жылдан аталып келеді. Атаулы мерекеге орай Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен 18 сәуір – Халықаралық тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғау күніне орай «Сыр бойының батырлары» ескерткішінде «Ескерткіш – ұлттық тарих пен мәдениеттің құнды жәдігері» атты танымдық кеш өткізілді.

Ескерткіш – өткен тарихымыздың белгісі, ұлтымыздың байлығы. Халқымыздың өткенінен сыр шертетін қастерлі мұра. Ескерткіштер қашанда ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері, көне тарихтың куәсі. Олай болса, оларды қорғау әрбір азаматтың парызы, сонымен қатар қамқорлығы болмақ. Әрбір ескерткіштің объективті-тарихи мағынасы зор. Халықты біріктіріп, тұтастандыратын саяси салмағы мен насихаттық сипатта мазмұнды мәні бар идеологиялық құрал болып табылады.

Сыр өңірінде 500-ден астам жәдігерлер есепке алынған. Олардың ішінде археологиялық, тарихи, республикалық дәрежедегі ескерткіштеріміз бар. Сондай құнды ескерткіштеріміздің бірі 2006 жылы «Қалалық мәдени және демалыс» паркінің алдында орналастырылған биіктігі – 5,7 м, салмағы 5,5 тоннаны құрайтын төрт батырды бейнелейтін, қоладан құйылып, тұғыры гранитпен қапталған «Сыр бойының батырлары» ескерткіші.

Шараны Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тажмаханов Жағыпар Айтбайұлы кіріспе сөзбен ашып беріп, бұл тарихи күннің мәні мен маңызы туралы кеңірек тоқталып, жастарды шаһар тарихына құрметпен қарауға шақырды. Шараға мүсінші, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жаркен Исмағұлов, педагогика ғылымдарының магистрі, Қазақстан Республикасының тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі «Сыр ескерткіштері» кітабының авторы Ахметбеков Бақытжан Мұқарамұлы қатысып ескерткіштер әрбір ұлттың тарихын баяндайтын қымбат қазына, баға жетпес құндылық екенін айтты.

– Сыр бойы тарихи ескерткіштерге өте бай мекен. Олай болса туған жерге туын тіккен бабаларымыздың, даналарымыздың мол мәдени шежіресі, ұрпағымыздың еңсесін, рухын зерделеуге себепкер болатын тарихи орындар мен ескерткіштер алдында айтылған ұлағатты сөздер еліміздің болашақ патриот жастарына ерлік пен қайсарлықты бойына сіңіруде алатын үлесі зор, - деді ол,

Батыр бабалардың рухына арналған гүл шоғы қойылып, кітапхананың жас оқырмандары Төлеубай Нұргүл батыр бабаларға өлең арнаса, Кеңесбай Дулат «Жалаңтөс Бахадүр», Төлебай Жансель «Тәуелсіз атты бар арман», Шамуратова Бикежан «Қазақпын», Дәулет Ақсәуле «Дүбірлі дүлдүлдердің ізі қалған», Өтепберген Нұркелді «Мен қазақпын» өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің студенттері Әлижан Болатбек «Қаршыға торда отырып», Қанатбек Шымбергенов Б. Қабылұлының «Өсиет» термелерін нақышына келтіре орындаса, «Мереке» ВВА-ның әншісі Әзімхан Төлегенов «Мен - қазақпын» әнімен аяқталды. Мақсаты-жас ұрпақты тарихи құндылықтарымызбен таныстыру, тарихи ескерткіштеріміз, мәдени мұраларымызды қастерлеп сақтауға, құрметтеуге шақыру, сондай-ақ, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады.