ЗАҢЫ МЫҚТЫ ЕЛДІҢ ДАМУЫ ТЕЗ

552

 

Фото О. БунинAi-news.kz Заң мықты болса – халық қауіпсіз, мемлекеттің дамуы тез. Себебі, құқықтық сауаты жоғары ел заңның дайындалуына атүсті қарамайды, биліктің босаңсуына, өз құқығының тапталуына жол бермейді. Биыл азаматтық қоғамның белсенділігінің артып, заңдардың айлар бойы қызу талқыланып жатқаны жиі байқалды. Басқаны айтпағанда, «Масс медиа» туралы заң жобасы Парламент Мәжілісіндегі жұмыс тобының 16 отырысында талқыланса, одан бөлек 6 рет қоғамдық талқылаудың тақырыбы осы заңға арналған екен.

 

Жаңару уақыты Расында, өтіп бара жатқан жыл еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы үшін қауырт жұмысқа толы болды. Парламент Мәжілісінің биылғы соңғы отырысында Палата спикері бұл кезеңді нағыз жаңару уақыты деп мәлімдеді. Расында көктемгі сайлау қорытындысы бойынша алты саяси партия мен бірмандатты округтен сайланған депутаттар келіп, Мәжіліс құрамы біршама жаңғырды. Осының арқасында төменгі палатада пікірлер плюрализмі қызып, заңдардың бағыты да, мазмұны да уақыт талабына, халық сұранысына жақындай түсті. Сессия басталғалы бері Палатаның қарауында барлығы 106 заң жобасы болса, бүгінде соның 35-і қабылданып, Сенатқа жіберіліпті. 26 заңға Мемлекет басшысы қол қойған. Қошанов мырза әділетті Қазақстанның негізі – сапалы әрі қоғамға қажетті заңдар екенін айта келіп, депутаттық корпустың Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға, жыл сайынғы жолдауларда айтылған тапсырмаларын орындауға күш-жігерін салғанын мәлімдеді. Бұл сөз шындықтан алыс емес. Өйткені, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған заңдардың бірқатарына мәжілісшілер өздері бастамашылық жасап, дайындады. «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң Бұл құжат сыртқа кеткен қыруар қаржымен қатар, ел ішіндегі ірі нысандардың активтері, дүние-мүлкі мен төленбей қалған салықты қазынаға қайтаруды көздейді. Құжат негізінде олигополияға қатысы бар, яғни бұрын билік тізгінін ұстаған, не квазимемлекеттік компанияларды басқарған тұлғаларды тексеруге жол ашты. Заңды бұзған адамдардың барлығы да түгелдей жауапқа тартылатын болды. Бұл орайда олардың олигополия өкілінің немесе жемқорлыққа барған тұлғаның көлік жүргізушісі, танысы, ағайын-туысы болуы, яғни, заңсыз алынған активтерді сол азаматтардың атына жазып қою мүмкіндігі ұмыт қалмады. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың активіне тергеу амалдарын жүргізу кезінде банк саласындағы ашықтық қамтамасыз етілді. Бұған дейін банк құпиясын зерттеп-зерделеу мүмкін болмап еді. Бүгінде белгілі болып отырғандай, заңның қабылдануы күдіктілерге тиесілі банк салымдарын зерттеу процесін айтарлықтай жеңілдетті. Соның арқасында елге 1 триллион теңге көлемінде активтер қайтарылды. Жайылымдар мәселесі шешілетін күн жақын Депутаттар бастамасымен әзірленген тағы бір түзетулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Бұл құжат Мәжілістің биылғы жылдағы соңғы отырысында мақұлданып, Сенатқа жолдама алды. Егер Жоғарғы Палата қолдайтын болса, оның негізінде халықтың мұқтажын қанағаттандыруға арналған жайылымдарды ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салуды белгілеу, жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспардың мазмұны мен қолданылу мерзімдерін өзгерту, «көпшілік пайдаланатын жайылымдар» ұғымын енгізу, орман мекемелерін жыл сайын аудан әкімдіктеріне мемлекеттік орман қорының жайылымдық алқаптары туралы мәліметтер беруге міндеттеу, жайылымдарды түбегейлі және олардың беткі қабатын жақсартуды жүргізу және оларды суландыру бойынша шығындарды субсидиялау жүзеге аспақ. «Ұлттық қор балаларға» Ел мүддесі ескерілген тағы бір заң ретінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды айтуға болады. Бұл құжат бойынша келер жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда «Ұлттық қор балаларға» жобасы іске қосылып, Ұлттық қордың 50 пайызы арнайы шотқа жіберіледі. Оны балалар 18 жасқа толғанда ғана шешіп ала алады. Оған дейін бұл қаржы Ұлттық қор шешімімен инвестицияланып, табыс әкеліп отыруға тиіс. Жоба аясында қаржыны оқу ақысын төлеуге, тұрғын үй алуға жұмсауға болады. «Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы халыққа тиесілі» Депутаттардың бастамасымен жер қойнауы туралы заңнамаға түзетулер енгізілді. Енді жаңадан ашылған барлық ірі мұнай-газ кен орындарының 50 пайыз үлесі міндетті түрде мемлекеттің меншігінде болуы керек. Бұл заң Президенттің «Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы халыққа тиесілі» деген конституциялық бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зиянды жұмыс жағдайларында еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі шешілді. Мәжіліс қабылдаған маңызды заңдардың бірі бизнеске үлкен қолдау болатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Бұл құжатпен жұмыс істеу барысында депутаттар кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын жақсартуға, мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіруге, оларды жүргізудің ашықтығын арттыруға бағытталған түзетулер енгізді. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту, бизнесті бақылаушы және қадағалаушы органдардың заңсыз араласуынан қорғау мақсатында тергеу-тексерулер жүргізу рәсімін регламенттеу және тағы басқалар. Ұсынылып отырған түзетулер бизнесті қорғауға және жауапкершілікке тарту, кедендік төлемдер мен салықтарды қосымша есептеу фактілерін болғызбауға, бақылау және қадағалау органдарының бизнес субъектілеріне қатысты негізсіз тексерулерін, бақылау субъектісін тексеруге іріктеу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алады деген үміт бар. Дискуссия көшеде емес, Парламент қабырғасында жүруі қажет Ө т і п б а р а ж а т қ а н ж ы л д а Мәжілістің қазақстандықтарды толғандыратын мәселелер талқысының алаңына айналғанын айту парыз. Үкімет депутаттық корпус алдында лудомания, вейп индустриясының залалы, діни тәрбие, өндірістің қауіпсіздігі, бағаның өсуі бойынша есеп берді. Тұрғындардың несиеге батуы және тұрғындардың қаржылық сауаттылығы бойынша арнайы Парламенттік тыңдау өтіп, бұл жиындарда халық қалаулылары өз ұсыныстарын ортаға салды. Олардың бірқатары несиелеу барысында тәуекелдерді азайту мен борышкерлер құқын қорғау туралызаң жобасына енгізілді. Бұл жылы конституциялық реформаны жүзеге асыру мақсатында Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдау тәжірибеге енді. Осы шараның барысында депутаттар жылумен қамтамасыз ету және су ресурстары жайлы есепті тыңдап, салаларда қалыптасқан мәселелерді айқындады, шешу жолдарын талқыға салды. Бұл кезеңде, сонымен қатар, Қоғамдық палата жұмысының белсенділігі артты. Ерлан Қошановтың айтуынша, өтіп бара жатқан жылда барлық фракцияның депутаттары өз сайлаушыларымен тығыз байланыста болып, ерекше қарқынмен жұмыс атқарды. Мәжілісте тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті мәселелердің бәрі қаралды. Бұл министрлерге қойылған сұрақтарда да, заң жобаларын талқылау кезінде де, депутаттық сауалдарда да анық байқалды. Президентіміз айтқандай, пікірталас, дискуссия көшеде емес, Парламент қабырғасында жүру қажет болса, жаңарған заң шығарушы органда бұған барлық жағдай жасалды. Бұл сессияда айрықша байқалған жағдай депутаттардың құзырлы орын басшыларына сауал жолдау арқылы ел аманатын атқаруға құлшынысы. Онда барлығы 233 депутаттық сауал жолданыпты. Олар қамтыған мәселе ауқымы өте кең болып, мазмұны да жаңа деңгейге көтерілді деуге болады. Десе де, тұтастай алғанда депутаттар өздерінің биік құзыреттерін пайдаланып, қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосуға тырысты. Сауатты сауал — депутат қаруы Солардың қатарында депутаттар Д.Қасқарауовтың жеке деректерді қорғау бойынша, А.Перуашевтің Үкіметтің дербестігі жайлы, Е.Саировтың коммуналдық инфрақұрылым мәселелері туралы, Е.Бапидың ұрланған активтерді қайтаруға қатысты, Н.Аралбайұлының базардағы заңсыздықты тексеру жайлы, С.Пономоревтың су және сумен қамтамасыз ету шаралары туралы сауалдары өзектілігімен, нақты ұсыныстарымен ерекшеленді деуге болады. Олардың кейбіреуіне тоқтала кетсек, мәселен, Ермұрат Бапи Бас Прокурорға жолдаған сауалында активтерді қайтару жөніндегі құрылған комитеттің қоғам алдында құпия емес алғашқы іс-шараларын жария етіп, көпшілік алдында бір пресс-конференция беруін талап етті. Ұрланған активтердің елге қайтарылуын, қазынаға қанша қаржы түсерін бағып отырған қоғам бар екенін ұмытпау керектігін ескертті. Ұрланған активтер елге қайтады деген халықтың әзірге үзілмеген үміті мен сенімін күл-парша қылуға ешкімнің қақысы жоқ екенін, оған депутаттардың жол бермейтінін батыл мәлімдеді. Ал, Азат Перуашев өз сауалында Мемлекет басшысының «...экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс» – деп атқарушы билікке нақты тапсырма бергенін, мұның – демократия мен шенеуніктердің жеке жауапкершілігі жолындағы нақты қадам екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерін Президент Әкімшілігінің қадағалауынан босатып, іс-әрекет еркіндігін беріп, жауапкершілікті мойнына алуды тапсырды. Бұл шешім, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына толығымен сәйкес келеді. Сондықтан Үкімет бұдан былай, Әкімшіліктің емес, Президент пен Парламенттің алдында есеп беруі тиіс. Алайда, Үкімет бұл тапсырманы орындауға әлі де асығатын емес. Сауатты болып көрінетін министрлер жауапты сәтте жалт беріп, әкімшіліктен «құнды нұсқауларды» күтеді. Әлі күнге дейін күрделі мәселелер тек Президенттің тікелей бұйрығынан кейін ғана қабылданады. Қалай дегенде де, Парламент жылдан жылға жұмысын ширатып, уақыт талабына сай болуға күш салуда. Бұған өз кезегінде оянған, өз құқын талап етуге бет бұрған, қоғамдық белсенділігі артқан халықтың да ықпалы жоқ емес. Әсіресе, әлеуметтік желіде күшейген сын, барлық мәселенің ашық айтылуы қалаулыларымыздың сергек болып, өз сөзіне, әрекетіне жауаптылығын арттырғандай. Әрине, жұмыс істелген жерде қателіктің орын алуы заңды. Кәсіби Парламентке жету жолында мұның бәрі тиімді сабақ болары даусыз.

 

 Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, 

«Заң газеті»