Халық батыры Ақтан Ақайұлына арналған тарихи-танымдық шара ұйымдастырылды
Ai-news.kz. Қазалыда халық батыры Ақтан Ақайұлының 255 жылдық мерейтойы аталып өтті
Қазалы өңірінде халқымыздың азаттығы жолында күрескен, ел тарихында есімі ерекше аталатын батыр Ақтан Ақайұлының 255 жылдығына арналған ауқымды тарихи-танымдық шара өтті. Мерекелік жиын батырдың аты берілген ауылдың орталық алаңында ұйымдастырылып, оған аймақ тұрғындары, қонақтар, зиялы қауым өкілдері мен жастар көптеп жиналды.
Шараның ресми ашылуында аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев сөз сөйлеп, жиналған қауымды ұлы батырдың мерейтойымен құттықтады. Ол өз сөзінде Ақтан Ақайұлының ерлік жолы, ел үшін жасаған жанқиярлық еңбегі бүгінгі ұрпаққа өнеге екенін атап өтті.
– Қазақ тарихындағы күрделі кезеңдерде ел бірлігін сақтап, халықты отаршыларға қарсы топтастырған Ақтан батырдың орны айрықша. Ол Хиуа мен Қоқан хандықтарының басқыншылығына қарсы күресте, сондай-ақ патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсылық көрсеткен атақты қолбасшы Жанқожаның сенімді серігі болды. Батырдың ерлігі мен табандылығы Сыр бойы жұрты үшін рухани тірекке айналды. Бүгінгі мерекелік шара – өткен тарихымызды еске салып қана қоймай, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің тамаша мүмкіндігі, – деді аудан басшысы.
Мерейтой аясында әдебиет пен өнер саласын қамтитын түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Ақындар мүшәйрасында жергілікті және аймақтан келген жас ақындар батырдың ерлік жолын жырға қосып, шығармашылық өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар спорттық жарыстар, ұлттық ойындар, ат бәйгесі өткізіліп, ауылдың мерекелік ажарын айшықтай түсті.
Шара барысында батырдың ерлік істерін сахналық қойылым арқылы қайта жаңғыртқан өнерпаздар көрермендерді тарихи кезеңдерге жетеледі. Сондай-ақ 100-ге жуық өнерпаздың қатысуымен дайындалған «Батырлар биі» көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Бұл қойылым мерекеге салтанат беріп, көрермендерді терең әсерге бөледі.
Мерекелік жиында жеңімпаз атанған спортшылар мен өнер сайысына қатысушылар марапатталып, мерейтойдың өтуіне үлес қосқан азаматтарға аудан әкімінің міндетін атқарушының алғыс хаттары табысталды. Шараға Ақтөбе облысынан, Қызылорда қаласынан және өзге де аймақтардан келген қонақтар қатысып, батырдың ұрпақтары мен жергілікті тұрғындарға ізгі тілектерін жеткізді. Олар Ақтан батырдың ел тарихындағы орны мен ерлік жолын дәріптеп, мерекелік шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Бұл тарихи-мәдени жиын Қазалы жұртшылығы үшін ерекше маңызға ие болды. Ол елдің бірлігі мен тарихқа деген құрметін тағы бір мәрте айқындап, жас буынға ата-бабамыздың ерлік рухын сезінуге мүмкіндік берді.





