Республикалық байқауда жерлесіміз жүлделі орынға ие болды

128

Ai-news.kz. Бүгін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты республикалық байқауда  жерлесіміз, Қазалы ауданындағы «Айерке» фотосалонының копирайтері Жансая Пірім жүлделі ІІ орынға ие болды.

Мемлекеттік тілде жарнама мәтінін әзірлейтін заңды тұлғалардың копирайтерлері мен мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандары қатысқан байқауда жерлесіміздің атқарған жұмыстары жоғары бағаланды.

Байқау мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету,  мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының орындалуын қадағалау жұмыстарына атсалысып, белсенділік танытып жүрген азаматтарға қолдау көрсету, ынталандыру мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді. 
Айта кету керек, былтырғы жылы осы байқауда қызылордалық жерлесіміз С. Байжанова жүлделі ІІІ орынды иеленген болатын.