Балалар әлемі – есірткісіз болашақтың бейнесі
Ai-news.kz. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Есірткісіз өмір ғажайып!» атты сурет байқауын ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты – балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің зияны туралы түсінікті қалыптастыру және олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Іс-шараға «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілері мен «Жастардың спорттық туризм және туристік көпсайыс федерациясы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты. Балалар өз суреттерінде денсаулықты, достықты, спортты, бақытты балалық шақ пен жарқын болашақты бейнелеп, есірткіге қарсы көзқарастарын шығармашылық түрде жеткізді.
Қазылар алқасының айтуынша, әр жұмыс ерекше идеясы мен шынайылығымен ерекшеленді. Сондықтан бұл байқауда жеңілгендер болған жоқ – барлық қатысушылар жеңімпаз атанып, көтеріңкі көңіл-күй мен жарқын әсерге бөленді.
Балалардың бақытты күлкісі мен асқақ армандары – қоғамымыздың басты құндылығы. Осындай тағылымды шаралар өскелең ұрпақтың саналы, белсенді және салауатты өмір салтын ұстанатын азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.





