ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ЖАҢА ҮЙЛЕРДІҢ СЫРТЫН СЫРЛАП ТАСТАҒАН
Ai-news.kz. Қызылордада тұрғындар қызыл кірпіштен салынған үйлерінің қасбетін көк түске бояуға қарсылық білдіруде.
Сәуір айының ортасында Қызылорда қаласының қақ ортасында орналасқан Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі №7А және 7Б үйлерінің қас бетін әктеу-сырлау жұмыстары тұрғындардың рұқсатынсыз жүргізілген.
Тұрғындардың айтуынша, үйлердің боялғандығы талқыланбаған. Тіпті бояуды қажет етпейтін үйдің сыртына жөндеу жүргізудің қажеті қанша? Қала ішінде мен мұндалап тұрған үйлердің болмағандығы ма деген тұрғындар өз таңданыстарын жасырмады.
«Үйлеріміз боялады деп ешкім ескертпеді, бұл тақырыпты бізбен талқылаған жоқ, жұмыстың құжаттарын көрсетпеді. Пәтер кілттері 2016 жылы табыс етілген. Облысымыздың экс-әкімі Көшербаев өзі табыс етті. Үйлер өздеріңіз көріп тұрғандай қызыл кірпіштен тұрғызылған. Ол үйлер бояуды қажет етпейді ғой» - дейді Мира Ескендірқызы.
Тұрғындардың айтуынша, қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері облыс әкімі Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойындағы үйлерді ретке келтіруге тапсырма берді деп сендіруде дейді.
Жергілікті тұрғындардың наразылығынан кейін 7А көпқабатты үйлерді сырлау жұмыстары тоқтатылған. Алайда тұрғындар, жұмысшылар күндізгі уақытта қайта бояу жұмыстарын жалғастыра ма деп қорқады.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 10-3-бабының 2-тармағының 8-тармақшасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар көп пәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін ағымдық немесе күрделі жөндеуден өткізу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға құқылы. Қаланың кейбір көпқабатты үйлерінің қасбеттерін әрлеу жұмыстары демеушілік арқылы жүзеге асырылып, сәулетші және дизайнермен келісе отырып, елді мекеннің біртұтас сәулеттік келбеті жасалуда», - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Айдос Кентуғаев.