Мейрамбек Шермағанбет: Су беру жоспары нақты болуы қажет

991

Ai-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылық басшыларымен кездесіп, алдағы уақытта атқарылуға тиісті бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.


Атап айтқанда, жиында көктемгі дала жұмыстарына дайындық шаралары пысықталып, тұқым дайындау, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай қорын қалыптастыру, техникаларды әзірлеу сынды өзге де проблемалық мәселелер талқыланды.

Басқосуда аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейітов пен «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің директоры Нұрлан Әбілдаев көктемгі дала жұмыстарының дайындық барысы мен егу жұмыстарын суармалы сумен қамтамасыз ету жағдайы бойынша хабарлама жасады.

Мейрамбек Зинабдинұлы «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің директоры Нұрлан Әбілдаевқа су беру жоспары нақты болуы қажет екенін айтып, осы бастан тиісті шаруашылықтармен тығыз жұмыс жасап, су лимитін бөлу мәселесін қолға алуды тапсырды.

Сонымен қатар шаруашылық басшыларына Сырдария өзеніндегі судың аз болуына байланысты орналастырылатын күріш егісінің көлемін азайтып, әртараптандыру бағытында арпа, бидай, картоп, көкөніс сынды бақша мен мал азықтық дақылдардың көлемін ұлғайту қажет екенін жеткізді. 

Кездесу барысында шаруашылық басшылары да су шаруашылығына қатысты өз ойларын ортаға салып, бекітілген егіс көлеміне сәйкес ауданға белгіленген су лимитінің әділ бөлінуі жөнінде облыстық мекемелерден талап етуді сұрады.


Экономикасы аграрлық салаға арқа сүйеген аймақтардағы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің ілгерілеуі дәл осы су тапшылығына да қатысты екені сөзсіз. Өкінішке қарай, қазірдің өзінде жекелеген өңірлерде суармалы егістік алқаптарына су жетпейтіні жиі айтылуда. Тіпті сулы да нулы өлке деп айтылатын облыстарда да құрғақшылықтың салмағы ауырлап келе жатқаны байқалады. Бұл жағдайдан Алматы облысы да шетін емес екен. Ал мәселенің бір ұшы жергілікті жердегі су қоймалары мен табиғи су көздерін тұтыну жұмыстарының реттелмеуінде жатқан көрінеді. Мәселен, Алматы облысындағы суару желілерінің ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайды. Бұл жүйе аймақтағы 239,7 мың гектар суармалы алқапты ылғалмен қамтуы тиіс. Алайда су тапшылығы жылдан-жылға сезіліп келеді.