Қазалының «Құрметті азаматы» Әнес Дидаров өмірден өтті
Ai-news.kz. 2025 жылдың 4 қараша күні Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан ардақты азамат, еңбек ардагері, Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» – Дидаров Әнес Бекжанұлы өмірден өтті. Аудан тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, ел үшін еселі еңбек еткен тұлғаның қазасы – Қазалы жұртшылығы үшін орны толмас ауыр қайғы болды.
Әнес Бекжанұлы 1953 жылы Қазалы ауданының Аранды ауылында дүниеге келіп, жастайынан еңбекқорлығымен, талапшылдығымен көзге түсті. Жоғары білім алып, инженер-механик мамандығын игергеннен кейін өзінің еңбек жолын Қазалы қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде аға шебер қызметінен бастады. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жауапты қызметтерге ұсынылып, 1979–1983 жылдары КПСС-ның ХХІІ съезі атындағы совхозда бас инженер-механик болып жұмыс істеді.
1983–1985 жылдары аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, 1985–1987 жылдары Абай атындағы колхоздың партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарып, ауыл шаруашылығындағы кадрлық саясат пен өндірістік тәртіптің жақсаруына айтарлықтай үлес қосты. Ал 1987–1989 жылдары аудандық топырақ құнарлығын арттыру бірлестігінің директоры ретінде егіндіктердің жағдайын жақсарту, жаңа агротехникалық тәсілдерді қолдану бағытында табысты жұмыстар жүргізді.
1989–1998 жылдары Абай атындағы колхоздың төрағасы ретінде шаруашылықты тұрақты дамытып, ауылдағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал етті. Кейін 1998–2000 жылдар аралығында аудандық шаруа қожалықтары ассоциациясының директоры және Қазалы ауданы әкімшілігінің маркетинг қызметінің топ жетекшісі қызметтерін атқарды. Бұл кезеңде аграрлық бағыттағы жобаларды біріктіру, шаруашылықтардың экономикалық тұрақтылығын арттыру бағытында еңбектенді.
2000–2002 жылдары туған ауылы Арандыда «Қожабахы» ЖШС-нің директоры, 2002–2004 жылдары Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік мектеп директорының өндірістік оқу жөніндегі орынбасары болды. Кейіннен Абай ауылында «К.Абай» шаруа қожалығын басқарып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырды. 2007 жылы Сарыкөл ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалып, 2017 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін он жыл бойы ауылдың әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына ерекше еңбек сіңірді.
Еңбек ардагері Әнес Бекжанұлы елге сіңірген еңбегі үшін ҚР «Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Ауыл шаруашылығы саласының құрметті ардагері», «Аграрлы өндіріске қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, сондай-ақ «Еңбек ардагері» және Ардагерлер кеңесінің 30 жылдығы медальдарымен марапатталды. Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атағы да оның ел алдындағы еңбегінің айқын дәлелі.
Отбасында жұбайы Гүлжан екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, немере-шөберелерінің ортасында берекелі ғұмыр кешті.
Қазалы ауданының әкімдігі, аудандық және облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес, ардагерлер және әйелдер кеңесі марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.
Әнес Бекжанұлының жарқын бейнесі, ел үшін еткен еңбегі қазалылықтардың жүрегінде мәңгі сақталады.





