Шиеліде әлем чемпиондарымен спортшы жастар кездесті
Ai-news.kz. Шиелі ауданында «Заң мен тәртіп – Қауіпсіз Қазақстан» республикалық акциясы аясында жас спортшыларға арналған ерекше кездесу ұйымдастырылды. Ауданға грек-рим күресінен Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали және қазақ күресінен Әлем чемпионы Бекжан Төлепов арнайы келіп, жас буынмен жүздесті. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов жүргізіп, қатысушыларға сәттілік тілеп, чемпиондардың жетістіктері туралы қысқаша шолу жасады.
Айдос Сұлтанғали Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем чемпионатында қазақ елінің көк байрағын биікке көтеріп, 26 жылдан бері грек-рим күресі саласында үздіксіз жеткен жеңісінің символы атанғанын атап өтті. Оның бұл жеңісі еліміздің спорт тарихында жаңа белес ретінде есте қалды. Жас спортшылар чемпионның тәжірибесі мен жетістіктерінен шабыт алып, өз мақсаттарына жету үшін тынымсыз еңбек ету қажеттігін түсінді.
Сонымен қатар, қазақ күресінен әлем чемпионы Бекжан Төлепов та өз тәжірибесімен бөлісіп, халықаралық турнирлерде алған тәжірибесі, жеңістерге жетудегі еңбек жолы мен төзімділіктің маңыздылығын жас спортшыларға жеткізді. Оның жетістіктері аудан тұрғындарының және жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізді. Кездесу барысында чемпиондарға аудан атынан Алғыс хаттар және естелік сый-сияпаттар табысталды. Бұл марапаттар олардың ел намысын көтергені үшін беріліп, жергілікті спорт қауымдастығының құрметін көрсеткені болды.
Шараға ауданның спорт ардагерлері, жаттықтырушылары, жас спортшылар, сондай-ақ Шиелі ауданының прокуроры Нұрбек Қаратаев қатысты. Кездесу барысында спортшылар мен қатысушылар ашық пікір алмасты, тәжірибе бөлісті және болашақ жарыстарға дайындыққа қатысты сұрақтарын қойды. Ардагерлер жас буынға спорттық тәртіп пен еңбекқорлықтың маңызын жеткізіп, олардың бойына патриоттық сезімді сіңіруге ерекше мән берді.
Жиын соңында ауданның «Құрметті азаматы», спорт ардагері Садық Ермағанбетұлы жас спортшыларға ақ батасын беріп, оларға денсаулық, табыс және жеңіске жетуді тіледі. Ол сондай-ақ, спорт арқылы елді, жерді сүю, бауырмалдық пен өзара сыйластықты қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.
Осы кездесудің нәтижесінде Шиелі ауданының жас спортшылары чемпиондардың жетістігіне қызығушылық танытып қана қоймай, өздерін дамытуға, жаңа белестерге ұмтылуға зор ынта алды. Аудан әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстардың әрі қарай да жалғасатынын, жас буынға арналған спорттық іс-шаралар мен кездесулер тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті. Бұл кездесулер жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, ауданның қоғамдық өмірін жандандырып, әлеуметтік белсенділікті нығайтуға мүмкіндік береді.





