«Біз есірткіге қарсымыз!»: Қызылордада 1000-нан астам жас марафонға қатысты
Ai-news.kz. Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақытты тиімді пайдалану және рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Біз есірткіге қарсымыз!» ұранымен кең ауқымды спорттық марафон ұйымдастырды.
Ауқымды іс-шара облыстың барлық аудан және қалаларында бір мезетте өткізілді. Оған 1000-нан астам оқушы мен студент қатысты. Жастар өз өңірлерінде белсенділік танытып, спортқа деген қызығушылығын және өмірге деген оң көзқарасын көрсетті.
Марафонның негізгі мақсаты — жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру, денсаулықты нығайту және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын кеңінен насихаттау.
Жарыс қорытындысы бойынша аймақтық жеңімпаздар анықталды. Олардың қатарында Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарының, сондай-ақ Қызылорда қаласының білім беру ұйымдарының өкілдері бар.
Марафон барысында қатысушылар есірткіге қарсы мазмұндағы баннерлер көтеріп, салауатты өмір салтын қолдайтын ұстанымдарын айқын көрсетті. Іс-шара соңында барлық марафоншылар бір алаңға жиналып, естелік суретке түсті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамда есірткіге қарсы берік көзқарасты нығайтуға ықпал етпек.





