Қарттар – елдің қазынасы: Қызылордада ардагерлерге құрмет білдірілді

403

Ai-news.kz.  1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара Қызылорда қаласында кең ауқымда аталып өтті. Қала әкімдігі мен Қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты жиынға елге еңбегі сіңген ардагерлер, еңбек майталмандары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Шара барысында қала әкімі Нұржан Ахатов жиналған ардагерлерді мерейлі мерекемен құттықтап, облыс әкімі атынан ізгі тілегін жеткізді.
 – «Біздің өңірдің өсіп-өркендеуі мен бүгінгі жетістіктерінің бәрі – Сіздердің маңдай терлеріңіздің, тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі. Қоғамдағы тұрақтылық пен жас ұрпақ тәрбиесіндегі үлестеріңіз орасан зор. Сіздерге шынайы алғыс білдіре отырып, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық және отбасы амандығын тілеймін», – деді қала басшысы.

Салтанатты басқосуда еңбек ардагерлері сөз алып, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық пен құрметке ризашылықтарын білдірді. Олар ел дамуының жаңа кезеңінде жас ұрпаққа өнеге болып, қоғамдағы бірлік пен ізгіліктің діңгегі саналатынын атап өтті.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 33 мыңнан астам ардагер тұрады. Олардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, көп жылдық еңбек өтілі бар ұстаздар мен дәрігерлер, мәдениет және өндіріс саласының ардагерлері бар.

Қала бюджетінен ардагерлердің денсаулығын нығайтуға, әлеуметтік қолдау көрсетуге және сауықтыру орталықтарына жолдамалар беруге тұрақты түрде қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, күндізгі емдеу стационарларында медициналық қызметтер көрсетіліп, тұрмысы төмен және мүгедектігі бар қарттарға көмек ұйымдастырылуда.

Ардагерлер кеңесінің бастамасымен жыл сайын түрлі мәдени, спорттық және әлеуметтік бағыттағы игі шаралар өткізіліп келеді. Бұл – үлкен буын өкілдеріне деген құрмет пен қамқорлықтың айқын көрінісі.