Қызылордада заңсыз жарнамаларды жою жұмыстары жүргізілуде
Ai-news.kz. Заңсыз жарнамаға жол жоқ
Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, заңсыз орнатылған жарнама объектілерінің алдын алу және оларды жою бағытындағы бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұл шараның басты мақсаты – қала көркін бұзатын, талапқа сай емес жарнамаларды ретке келтіру және шаһардың сәулеттік келбетін сақтау.
Жалпы алғанда, кәсіпкерлер тарапынан ғимараттардың қасбеттерінде немесе сыртқы беттерінде орналасқан баннерлердің мазмұны мен формасына қатысты заң талаптарының жиі сақталмайтыны байқалған. Соның салдарынан көрнекі орындарда ескірген немесе ретсіз қойылған постерлер қала эстетикасына нұқсан келтіріп келген. Бөлім мамандары жүргізген кезекті рейд барысында осындай талапқа сай келмейтін, ескі әрі жарамсыз жарнамалар алынып тасталды.
Сонымен бірге, рейд кезінде шағын және орта бизнес субъектілерінің иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар тарапынан заңсыз жарнама орналастыруға, ғимараттардың қасбеттері мен құрылымдық элементтерін өз бетінше өзгертуге қатаң тыйым салынатыны ескертілді. Әрбір кәсіпкер жарнаманы дайындау, тарату, орналастыру және пайдалану барысында заңдық талаптарды сақтауы керектігі нақты айтылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қала көшелеріндегі жарнамалардың сапасы мен заңға сәйкестігі үнемі бақылауда болады. Қоғамдық орындардың ажарын сақтап, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру — басты міндеттердің бірі болып қала бермек.





