Әйтеке би кентіндегі жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде

522

Ai-news.kz. Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аудан орталығы – Әйтеке би кентінің 14 көшесіне және елді мекендердегі 4 көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Қазалы қаласының 10 көшесін қайта жаңғыртуға қаржы бөлінді. Бүгінде жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, белгіленген мерзімде сапалы аяқталуына ерекше көңіл бөлінуде.

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес Жалаңтөс батыр ауылындағы Ә. Тілеубаев және Жалаңтөс батыр көшелеріне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жол жөндеу жұмыстарының барысын тексеру барысында мердігер мекеменің басшысымен кездесу ұйымдастырылып, жұмыстардың сапасы мен мерзімдік кестеге сай орындалуын қатаң бақылау қажеттігі айтылды.

Жол жөндеу жұмыстары «Қазалы Жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан атқарылуда. Жоба аясында елді мекендегі екі көше бойынша барлығы 2,4 шақырым жолға асфальт төсеу қарастырылған. Қазіргі таңда, оның 1 шақырымына асфальт қабаты төселіп, сапалы әрі берік жол желісін қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі мердігер мекеменің басшысына жұмыс сапасына аса мән беруді, ауа райы қолайлы кезде жұмыстарды тоқтатпай жүргізуді және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Жалаңтөс батыр ауылындағы жұмыстарды көргеннен кейін аудан басшысы Әйтеке би кентіне ат басын тіреді. Ол жерде Жанқожа батыр және В.Счастнов көшелерінің қиылысында орналасқан 5 көпқабатты тұрғын үйдің шатырын ауыстыру жұмыстарын бақылады. Жобаға сәйкес, тұрғын үйлердің шатырларының жалпы аумағы 800 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта шатыр жөндеу жұмыстары толық аяқталуға жақын, ал тұрғындарға үйлерінің қауіпсіз әрі ыңғайлы болуы қамтамасыз етілуде.

Айта кетейік, аталмыш көпқабатты үйдің шатырын ауыстыру мәселесі жергілікті тұрғындар тарапынан көптен бері қозғалып келген өзекті тақырыптардың бірі еді. Көпқабатты үй тұрғындары аудан әкімінің мәселеге деген жауапкершілігін, жұмыстарды сапалы әрі уақытында жүргізуге көңіл бөлгенін атап өтіп, ризашылықтарын білдірді. Аудан басшысы өз кезегінде тұрғындардың пікірін тыңдап, азаматтармен тығыз байланыста болу арқылы барлық мәселелердің шешілуіне ерекше мән берілетінін жеткізді.

Осы іс-шаралар арқылы аудан әкімдігі тұрғындар үшін қолайлы өмір ортасын қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған нақты шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруда екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жол жөндеу мен тұрғын үй шатырларын жаңарту жұмыстары халықтың өмір сапасын арттыруға, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.