Қызылөзек ауылдық округінде ірі жобалар жүзеге асырылуда
Ai-news.kz. Қызылөзек ауылдық округінің әкімі Сәкен Әбдіжаппар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Әкімнің айтуынша, округ тұрғындары үшін аса маңызды нысандардың бірі – «Қожақ» автомобиль көпірі. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған көпірдің әбден тозығы жетіп, қатынасқа қауіпті болып келген. Жергілікті халық бұл мәселені жиі көтеріп келген еді. Нәтижесінде, көпірді жөндеуге 292 миллион теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда мердігер мекеме «N Строй Сервис» ЖШС жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ауылдың тағы бір өзекті мәселесі – электр желілерін жаңғырту. Бұл бағыттағы жұмыс 2024 жылдан басталып, 2025 жылға өтпелі кезеңмен жалғасуда. Жоба аясында округке қарасты үш елдімекенде жаңа ВЛ-10 кВ электр бағаналары орнатылып, заманауи СИП желілері тартылуда.
Жол инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен жақсарып келеді. Биыл Ж.Жабаев, Д.Сариев, Ж.Жабағиев тұйығы және Айнакөл-1 көшелеріне асфальт төселіп, Қорқыт Ата көшесіне түнгі жарық шамдары орнатылды. Алдағы уақытта Ж.Жабағыұлы көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Қараөзек бекетінде балалар ойын алаңы салынбақ.
Газдандыру бағытындағы жұмыстар да бастау алды. «Дос Строй Проект» ЖШС жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптама оң қорытынды бергеннен кейін, қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсынылатын болады.
Кәсіпкерлікті дамытуда да оң көрсеткіштер бар. Қазіргі таңда ауылдық округте 197 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бес тұрғын жалпы 25 миллион 145 мың теңге қаржыландыруға қол жеткізді. Оның ішінде:
• Екі азамат жылқы шаруашылығын дамытуға жиырма миллион теңге несие алды;
• Екі тұрғын жалпы сомасы үш миллион 145 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды;
• «Ауыл аманаты» жобасы аясында құны екі миллион теңгені құрайтын бір жоба қолдау тапты.
«Атқарылған әрбір жұмыс – ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, әлеуметтік және экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған. Жоспарланған жобалар толық іске асқан жағдайда Қызылөзек ауылдық округінің келбеті жаңа деңгейге көтеріледі», – деп қорытындылады ауыл әкімі Сәкен Нысанұлы.





