Аудан әкімінің есепті кездесулері Аламесек, Еңбек және Аққұм ауылдық округтерінде жалғасты
Ai-news.kz. Жалағаш ауданында аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың 2025 жылдың ІІ жартыжылдығында атқарылған жұмыстар жөніндегі есепті кездесулері Аламесек, Еңбек және Аққұм ауылдық округтерінде жалғасты. Кездесу барысында аудан әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің бақылауымен аймақта жүзеге асырылып жатқан негізгі жобалар мен жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, олар атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді.
Есет батыр ауылы бойынша тұрғын үй секторына қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жалпы құны 357 миллион теңгеге жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бұл жоба тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, үй-жайларды қажетті инженерлік жүйелермен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге, ауылдағы бес ішкі көшеге – Т.Бисенбаев, Бөлебай би, Өмірбай шешен, Жаңа Жарма және Сарман батыр – жалпы құны 545,8 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Жөндеу жұмыстары асфальт төсеу, жол жиегін абаттандыру, тротуарларды қалпына келтіру және жол қозғалысын қауіпсіз ету шараларын қамтыды.
Ауылдағы қоғамдық қауіпсіздік пен төтенше жағдайларға дайындық мақсатында өрт сөндіру бекеті салынды және қажетті техника мен жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, шаруашылық құрылымдарының демеушілігімен 8 көшеге 136 жарық шамы орнатылып, ауыл тұрғындары үшін кешкі уақытта жарықтандыру қамтамасыз етілді. «Көктөбе» ШҚ демеушілігімен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ескерткіш салынды, бұл шара ауыл тарихын еске алу және патриоттық тәрбиеге бағытталған маңызды қадам болды.
Республикалық бюджет есебінен Есет батыр елді мекенінің ауыз су жүйесін жаңғырту және кеңейту жұмыстары жалпы құны 388,1 миллион теңгеге жүргізілуде. Сонымен қатар, Көкпая, Жаңақоныс, Ақжарма және Т.Бисенбаев көшелерін күрделі жөндеуге қатысты ЖСҚ әзірленіп, тиісті басқармаға бюджеттік өтінім берілді. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетуге, ауыз суға қолжетімділікті арттыруға және тұрғындар үшін қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.
Еңбек ауылдық округі бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. 4,3 миллион теңгеге абаттандыру, көркейту-көгалдандыру және жасыл желектерді қоршау жұмыстары жүргізілді. 5 миллион теңгеге мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жасалып, 3,1 миллион теңгеге бейнебақылау камералары орнатылды. Сонымен қатар, «Еңбек Жер» ЖШС демеушілігімен жалпы құны 68 миллион теңгені құрайтын бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Дәуітбаев, Абай, М.Байділдаев көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 63,9 миллион теңге бөлінді, ал демеушілердің есебінен 25 миллион теңгеге ауылға кіреберіс аркасы салынды.
Аққұм ауылдық округінде жалпы құны 457,1 миллион теңгеге 10 көше күрделі жөндеуден өтті. 2,2 миллион теңгеге К.Бекенов көшесі жарықтандырылып, түнгі жарық шамдары заманауи светодиодты шамдарға ауыстырылып, бейнебақылау камералары қалпына келтірілді. Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» ҰК арқылы Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің Аққұм ауылдық округі тұсындағы 1,6 шақырым жол жарықтандырылды, бұл тұрғындар мен жүк көліктерінің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.
Демеушілердің қолдауымен Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылуына 35 жыл толуына орай аллея және балалар ойын алаңы салынып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, мектеп түлектері 2 миллион теңгеге балалар ойын алаңын салып, «Асылдән» ЖШС демеушілігімен Шіркейлі каналы үстіндегі көпірге 10,1 миллион теңгеге күрделі жөндеу жасалды. Ауыл тұрғыны Айбек Жақсылықұлы Сапаевтың демеушілігімен 38 миллион теңгеге балалар ойын алаңының құрылысы жүргізілді.
Барлық атқарылған жұмыстар мен жобалар ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, инфрақұрылымның сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар ретінде жүзеге асырылып отыр. Аудан әкімінің есепті кездесулері тұрғындар мен әкімдік арасындағы сенімді нығайтуға, алдағы кезеңдегі жоспарларды нақтылау және орындауды қадағалауға мүмкіндік беретін маңызды шара болып отыр.





