Мәжіліс депутаттары Шиелі ауданының әлеуметтік нысандарын аралады
Ai-news.kz. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов және Жарқынбек Амантай жұмыс сапарымен Шиелі ауданына келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін, сондай-ақ инфрақұрылымдық жағдайын өз көзімен көріп, нақты мәселелерді тыңдауға мүмкіндік алды. Сапар барысында халық қалаулыларына аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, сондай-ақ бірқатар бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері серіктес болып, қажетті түсініктемелер берді.
Мәжіліс депутаттарының сапарының негізгі мақсаты – ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуын жан-жақты зерделеу, тұрғындардың күнделікті мәселелерімен танысу, ауылдық округтерде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын бақылау және халықпен ашық диалог жүргізу болды. Сапар аясында депутаттар алдымен күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңа кейіпке енген №219 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің жұмысымен танысты.
Бұл білім ордасы жылдар бойы мыңдаған түлекке сапалы білім мен тәрбие беріп келгенімен, ғимараттың ескіруіне байланысты күрделі жөндеуді қажет етті. Осы орайда биыл мектепті толық жаңғырту үшін 363 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылды. Жөндеу жұмыстарын «СК и Монтаж-Строй» ЖШС компаниясы жүзеге асырды. Нәтижесінде мектептің ішкі және сыртқы келбеті түбегейлі жаңарып, оқу кабинеттері, зертханалар, пәндік сыныптар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, мектеп ғимаратының абаттандырылған ауласы, спорттық алаңдары және көгалдандырылған жерлері оқушылар мен педагогтар үшін қолайлы жағдай туғызды.
Депутаттар мектептің педагогикалық ұжымымен кездесіп, білім беру сапасын арттыру, мұғалім мәртебесін көтеру, жас мамандарды қолдау және оқу процесін жақсарту бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, мектептің инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарының нәтижесі білім сапасына қалай оң әсер етіп отырғаны, балалардың шығармашылық және спорттық мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы жетістіктер талқыланды.
Келесі кезекте, мәжіліс депутаттары Ортақшыл ауылдық округіне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Бұл ауыл еліміздегі тары өндірудің негізгі орталығы ретінде танымал. Халықтың шамамен 90 пайызы тары өсірумен айналысып, өз еңбегі арқылы ел экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Депутаттар ауыл шаруашылығын қолдау, өнімді өткізу нарығын кеңейту, технологияларды жаңарту және ауыл инфрақұрылымын жақсарту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, тұрғындар өздері күнделікті көріп жүрген техникалық және жол мәселелерін депутаттарға жеткізіп, нақты шешімдер қабылдануына сенім білдірді.
Сапардың соңында, халық қалаулылары Ақтоған ауылдық округіндегі халық игілігіне берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Аталған нысан «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынған. Заманауи талаптарға сай салынған кешен ауыл тұрғындарының, әсіресе жас буынның салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік береді. Мұнда волейбол, баскетбол, күрес және басқа да спорт секциялары тұрақты түрде жұмыс істейді, жастар мен балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға, денсаулықтарын нығайтуға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Депутаттар бұқаралық спортты дамыту — елдің болашағына салынған инвестиция екенін атап өтіп, ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын жоғары бағалады. Сондай-ақ, олар ауылдағы спорт нысандарының тиімді пайдаланылуын қадағалап, келешекте осындай жобаларды кеңейту қажеттілігін атап өтті.
Осындай жұмыс сапарлары арқылы халық қалаулылары елдің түкпір-түкпіріндегі тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, жергілікті проблемаларды Парламент деңгейінде көтеруді мақсат тұтады. Депутаттардың бұл сапары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және ауылдық инфрақұрылымды дамытуға нақты үлес қосатыны сөзсіз.





