Облыс әкімі азаматтардың жеке мәселелерін тыңдады
Ai-news.kz. Тұрғындардың жеке мәселелері тыңдалды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Amanat» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады. Кездесуге келген тұрғындар негізінен жұмысқа орналасу, тұрғын үй алу, денсаулық сақтау саласына қатысты түйткілдерін ортаға салды.
Қабылдауға жазылған әрбір азаматтың өтініш-тілектері назардан тыс қалмайды. Әрбір мәселе заң аясында жан-жақты зерттеліп, тиісті шешімдер қарастырылмақ. Кейбір сұрақтар бойынша жауапты мамандар түсіндірме жұмыстарын сол жерде жүргізсе, бірқатары бойынша нақты шешу жолдары көрсетілді.
Мәселен, бүгінгі қабылдауда болған «Ягодка» саяжайының тұрғыны, жалғызбасты ана өзіне тиесілі жер теліміне баспана тұрғызу үшін іргетасын құюға қолдау көрсетуін сұрады. Аймақ басшысы бұл өтінішке назар аударып, демеушілер есебінен құрылысты толық салуға көмек көрсетуді тапсырды.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласының тұрғыны уақытша баспанамен қамтамасыз ету және немерелерін тегін балабақшаға орналастыру мәселесін көтерді. Оған тұрғын үй мен жер учаскесін алу тек заң талаптарына сәйкес, белгіленген кезек арқылы жүзеге асатыны түсіндірілді. Әрі мұндай мүмкіндікке ие болу үшін алдымен ресми үй кезегіне тұру қажеттігі ескертілді.
Айта кетейік, облыс әкімінің, оның орынбасарларының және жауапты сала басшыларының қабылдауына кез келген тұрғын egov порталы, e-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке жазбаша өтініш қалдыру арқылы тіркеле алады. Бұл тетік әрбір азаматтың өз мәселесін жеткізуіне және уақтылы шешім табуына мүмкіндік береді.
Халықпен кері байланыс орнату, азаматтардың өтініштеріне құлақ асу — билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.





